Биыл істі болған экс-шенеуніктерден бір «үкімет» жасақтауға болады

Айгерім Таубай

2023 жылы істі болғандардың арасында Қайрат Боранбаев, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Рашид Аюпов және басқалары бар

коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда 2023 жылы бірқатар шулы іс бойынша сот процесі өтті. Бірнеше шенеунік сотталды, енді біріне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Halyq Uni бір жыл ішінде елдің назарын аударған істерге шолу жасады.

ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ СОТТАЛЫП, АРТЫНША БОСАП ШЫҚТЫ

Жыл Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың соттағы ісімен басталды. 4 қаңтарда өткен сот отырысында ол өзінің елден қашуға оқталғанын жоққа шығарды, өзінің таңғы 5-те ұсталғанын, алайда түнгі уақытта ұшуы керек болғанын айтып ақталды.

«Елден неге қашамын? Осында дүниеге келдім, ер жеттім. Әкем осында жерленген. Анам осында, бизнесім де осы жерде. Қайда қашамын?», - деді Боранбаев журналистерге.

Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Ибулла Сердіге қатысты қылмыстық іс жарты жылдан аса уақытқа созылды. Оларға газды жеткізу барысында мемлекеттің 14,5 млрд теңге қаражатын жұмсады деген айып тағылды.

23 қаңтарда істі қараған судья Назгүл Бапақова БАҚ өкілдеріне сот процесінен ақпарат таратуға тыйым салды. Осылайша соттың біраз бөлігінен көпшілік бейхабар қалды.

Сот процесі басталғанына үш ай өткенде мемлекеттік айыптаушы Қайрат Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, өзін 8 жылға соттауды сұрады.

Кәсіпкер соттағы соңғы сөзінде Qazaq Gaz-ға келген шығын толық көлемде өтелгенін алға тартып, соған байланысты әділ шешім шығарылатынына сенім білдірген еді.

31 наурызда Қайрат Боранбаев, Роман Наханов қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігі, 218-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды. Сот заңды күшіне енбеді.

Сотталғандар заңды құқығын пайдаланып, сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Артынша бірінші сатыдағы сот үкімінің күші жойылды. Сот алқасы үкімнің «хаттама болған» деген болжамға сүйеніп шығарылғанын алға тартқан.

Осы сәтте БАҚ беттерінде Боранбаевтың мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін қайтаратыны, 30 млрд теңгені Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына аударатыны айтылды.

Боранбаев пен басқа да сотталушылар тағылған айыпты мойындап, тергеумен процестік келісімге келуге ниет білдірді. Мемлекеттік айыптаушы да жазаны 8 жылдан 6 жылға дейін төмендету дұрыс деп шешті.

15 қыркүйекте Астанада Боранбаев 6 жылға сотталды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды.

20 қазанда Қайрат Боранбаевтың бостандыққа шығатыны белгілі болды. Сот шешімімен ол пробациялық бақылауда болады. Шешім шығару барысында оның жазаның 1/3 бөлігінін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтегенін, мемлекетке келген шығынды толық өтегенін ескерген.

6 қарашада кәсіпкер Қайрат Боранбаев шартты жазамен бостандыққа шықты. Ақмола облысының соты 20 қазанда бас бостандығынан айырылған Қайрат Боранбавтың жазасын жеңілдетіп, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады

ВАЙНЕРЛЕР ЖӘНЕ ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ

Қаңтарда танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және басқа 10 адамға қатысты сот процесі басталды.

12 адамға Mudarabah Capital мен Astex қаржы пирамидасын құру, басқару бойынша айып тағылған.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сотталушы Руслан Бұрқанов Mudarabah Capital ЖШС директоры болған.

Азимжан Саидбаев пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital ЖШС құрылтайшысы болған. Олар үгіт-насихат жүргізу, әлеуметтік желіде жарнама жасауға жауапты болған. Сондай-ақ құрылтайшылар арасында қаражат бөлуге де қатысты.

Мейіржан Төребаев компания құрамында жарнама жасау, үгіт-насихат жұмыстарымен айналысқан.

Сондай-ақ Мейіржан Төребаев Mudarabah Capital құрылтайшысы қатарында болған.

Іс бойынша жәбірленушілердің кейбірі Mudarabah Capital-дың жарнамасын «Асыл арна» телеарнасынан көргенін айтты.

23 маусымда Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасы бойынша айыпталушыларға сот үкімі шықты.

Сот үкімі шықпастан бұрын қылмыстық іс бойынша прокурор Ерлан Құланбаев Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа тағылған айыпты ішінара өзгертті. Мемлекеттік айыптаушы оларды қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағында көрсетілген әрекетті жасады деп санайды. Соңында Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ?

Алматыда 11 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісінің бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша сот процесі басталды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Сатыбалды сусын өндірумен айналысатын ірі компания акцияларын тартып алуға тырысқан. Сондай-ақ оған адам ұрлады және заң тәртібін бұзды деген айып тағылған.

Мемлекеттік айыптаушы Гүлмира Сатыбалдының 2018 жылы заңдағы талаптарға қарамастан, Тұрсенғали Алагөзовтің «Galanz Bottlers» компаниясын рейдерлік жолмен тартып алғанын айтты. Мұндай жағдайда ол өзінің бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалдының (Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі) беделін пайдаланған.

Соттағы мәлімдемесінде Гүлмира Сатыбалды Қайрат Сатыбалдымен тұрмыста болғаны үшін өмірі саясиланып кеткенін айтты.

«Мен көпбалалы отбасыдан шыққанмын. Ата-анамның 10 баласы бар, мен жетінші перзентімін. Сол себепті Қайрат сияқты жігіттің мені әйел етіп алғанына қуандым. Мен Қайраттан үш бала таптым. Бүкіл әлемге менің үш балам бар екенін мақтанышпен айтамын. Мен оларды лайықты түрде жеткіздім. Бала тапқаным үшін қазір жан-жақтан жазалап жатыр», - деді Гүлмира Сатыбалды сот залында жылап.

Содан кейін мемлекеттік айыптаушы Азамат Сәрсенбаев бірнеше бап бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны мүлкін тәркілемей, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ол сотта өзін тұңғыш президенттің отбасымен негізсіз байланыстырып отырғанын айтты. Алайда 20 жылдан бері Қайрат Сатыбалдымен заңды некеде тұрмайтынын алға тартты.

«Мені елдің бірінші президентінің отбасымен байланыстырады. Қазақстанның бұрынғы президенті ағасының ұлы Қайрат Сатыбалдының әйелі деп айтып жатыр. Алайда ешкім Қайрат Сатыбалдымен 20 жылдан аса уақыт бұрын ажырасып кеткенімді айтпай отыр. Мені онымен тек ортақ 3 баламыз байланыстырады. Олар заңды некеде өмірге келген», - деді Сатыбалды.

2023 жылдың 4 мамырында Гүлмира Сатыбалдыға сот үкімі шықты. Ол қылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

ЖУРНАЛИСТЕР СОТТАЛДЫ

Журналист әрі блогер Махамбет Абжан 2022 жылдың шілдесінде Астанада қамауға алынды. Оған қатысты сот 2023 жылдың қаңтарында басталды.

Сот барысында прокурор Альмира Қожахметова судьядан сот процесі барысында аудио, фото-видео түсіруге тыйым салуды сұрады. Сот та бұл өтінішті қабылдап, әрі қарай процесс жабық режимде өтті.

Абжанға үкім бір ай ішінде шықты. Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айжан Құлбаева сотталушыны 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Махамбет Абжан жазасын қауіпсіздігі төтенше мекемеде өтейді.

Ал жылдың соңында Алматы сотында журналист Владимир мен Наргиз Северный 7 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар Қылмыстық кодекстің 194-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (қорқытып алу) бойынша кінәлі деп танылды. 

Владимир Северный жазасын орташа режимдегі колонияда өтейді. Наргиз Северная 8 жыл орташа режимдегі колонияда отырады. Оның жаза мерзімі 5 жылға кейінге шегерілді.

Северныйлар сотта кінәсін мойындамады.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ ІСІ

Астанада өткен ең шулы істердің бірі – бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты іс. Сот процесі 2023 жылдың сәуірінде басталды. Қылмыстық іс бойынша 4 сотталушы бар. Олар: Арыстанбек Мұхамедиұлы, Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садвакасова.

Мұхамедиұлы Ұлттық музейді басқарып тұрған кезде 221 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді.

2020 жылы Ұлттық музейге «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін өткізуге қаражат бөлінген. АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілген.

Алайда Ұлттық музей бұл елдердегі ұлттық музейлермен келіссөздер барысында түрлі себепке байланысты көрме өткізу туралы келісімге келе алмаған. 2020 жылдың қаңтарының басында аталған елдер ұсыныстан бас тартқан. Алайда Мұхамедиұлы тоқтамай, көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдады. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Мұхамедиұлы Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Нұрасханға «ұрлық жасауға жәрдемдесетін» жеткізушіні таңдауға заңсыз нұсқаулар берген. Ол директордың орынбасары Азамат Көшеновпен бірге «Экспонат» ЖШС-ны іске тартқан. Бұған дейін бұл ЖШС халықаралық көрмелерді өткізуде мұражайға қызмет көрсеткен. Көшенов бухгалтер Айым Сәдуақасованы да осы іске тартқан.

Мұхамедиұлы енгізілген шектеулерге қарамастан, бюджет қаражатын жымқыру мақсатында 2020 жылдың 19-21 наурыз аралығында Үндістанның Ұлттық мұражайында көрмені ресми түрде өткізуге нұсқау берді. Ал 2020 жылдың 17 наурызында Мұхамедиұлы Үндістанның Ұлттық мұражайына шұғыл түрде көрмені демонтаждау туралы шешім қабылдау туралы хат жолдаған.

«Даму» аудиторлық компаниясы ЖШС-ның 2022 жылдың 27 шілдедегі есебіне сәйкес, «Экспонат» ЖШС қызмет көрсетуді және тауарды жөнелтуді іс жүзінде орындамай, 221 млн 411 мың 730 теңге сомасында қызмет «атқарған».

Бұл іс бойынша сотта бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да куәгер ретінде жауап берді.

Маусымды прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға соттауды сұрады.

2023 жылдың 20 маусымында судья Бағлан Ыдырысов Арыстанбек Мұхамедиұлын 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 28-баптың 3-бөлігі (қылмысты ұйымдастыру) және 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында (аса ірі мөлшердегі сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ұрлау) көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Арыстанбек Мұхамедиұлын мүлкін тәркілеусіз 8 жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынсын, – деді судья.

Сондай-ақ экс-министр мемлекеттік қызметті атқару құқығанан өмір бойына айырылды. Президенттің атына Мұхамедиұлын мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізіледі.

Мұхамедиұлына қатысты іс мұнымен бітпеді. Экс-шенеунікке сот үкімі шыққан соң оның әйелінің пара беруге оқталғаны белгілі болды. Ал сотта адвокаты болған Мұстақым Төлеев пара беруге итермеледі деген күдікке ілінді. Ол қамауға алынды.

2023 жылдың қыркүйегінде Арыстанбек Мұхамедиұлы тағы да сотқа тартылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 249-бабы 1-бөлігі (рейдерлік әрекетке оқталу), 28-бабы 3-бөлігі – 250-бабы 1-бөлігі (өкілетін теріс пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастыру) бойынша айыпталып отыр. Қылмыстық іс бойынша тағы бір айыпталушы бар. Жуаспаева қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-бөлігі (жалған құжат, мөр, бланкіні қолдан жасау арқылы көрінеу жалған құжатты пайдалану), 250-бабы 1-бөлігі (өкілетін теріс пайдалану) бойынша айыпталып отыр.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2019 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлына елордадағы «Дипломат» қонақүйінің иесі, кәсіпкер К. жүгінген. Экс-министр оған 2,5 млрд теңге беруге келісіп, оның орнына қонақүйдің жарғылық капиталының 71%-ын енесінің атына жазып беруді ұсынған. Осылайша ол қонақүйді толық иемденіп алмақ болған.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ШЕНЕУНІКТЕРІ СОТТАСТЫ

Мамырда Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Жетісу облысындағы Ұлттық сараптама орталығының директоры болған Асхат Манкеев басқа облысқа ауысу үшін басшылыққа ірі көлемде пара берді деген күдікке ілінді. Содан кейін Манкеевтің туыстары Астанаға келіп, санкцияланған митинг өткізді. Осы сәтте арызды бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі және елдің бас санитар дәрігері болған Ерлан Қиясов жазғаны мәлім болды.

Іс сотқа жолданған кезде қылмыстық іс бойынша тағы бір күдіктінің бар екені белгілі болды. Ол –Ұлттық сараптама орталығы төрағасының бұрынғы орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Сәдуақас Байғабыловқа қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (ірі мөлшердегі алаяқтық), Асхат Манкеевке 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 367-бабы 2-бөлігі (пара беру) бойынша айып тағылды.

27 қыркүйекте сот үкімі шықты. Соған сәйкес, Асхат Манкеев кінәлі деп танылып, 22 млн теңге айыппұл төлейтін болды. Ал Сәдуақас Байғабыловтың 1,5 жылға бас бостандығы шектелді.

ТҮРКІСТАННЫҢ ЭКС-ӘКІМІ 10 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Маусымда Түркістан мен Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповқа қатысты сот процесі басталды. Тергеу мәліметтерінде Аюповтың 2013 жылы премьер-министр кеңсесінің қызметкері болып, ірі жекеменшік компаниясының меншік иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндіргені айтылған. Осы үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде берген.

Рашид Аюпов өзіне тағылған айыппен келіспей, қылмыстық іс Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа қарсы жалған куәлік беруден бас тартқандықтан қозғалғанын айтты.

«Барлық айыпты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ойдан құрастырды. Тағылған айыпты мойындамаймын. Сот процесі барысында шындықты дәлелдеймін», - деді Рашид Аюпов.

Іс бойынша жәбірленуші – Сайдулла Қожабаев. Ол Alageum Group-тың бақылаушы акционері. Оның құрамына «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Ақтау трансформатор зауыты» ЖШС, «Алматы электромеханикалық зауыты» ЖШС, «Электромонтаж» АҚ, «ПромЭнерго» жобалау институты және Шымкенттегі Asia Trafo трансформатор жабдықтарын өндіретін зауыт кіреді. 

«Аюпов Қожабаевтың жалпы сомасы 2,8 млн АҚШ долларын заңсыз алды, бұл 422 млн 800 мың теңгеге тең», - деді прокурор іс барысында.

Рашид Аюпов 2023 жылдың тамызында Қылмыстық кодекстің 28-бабы және 312-бабы бойынша (1997 жылғы редакциясы) кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҚОС ДЕПУТАТТЫҢ ҰЛДАРЫ ІСТІ БОЛДЫ

Сәуірде Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі ұлына сот үкімі шықты.

Тараз қаласының №2 сотында адамдардың алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру әрекетіне қатысты қылмыстық істі қаралды.

Сотталған төрт азаматтың екеуі – Жигули Дайрабаевтың ұлы.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Ерлан Күлекеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық (кейінгі екеуі депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары) субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтірген.

Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Екеуі де 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың 20 жастағы ұлы Нұрасыл Болат 11 ақпанға қараған түні Алматыда ерлі-зайыпты заңгер Олег Чернов пен Анна Димитриевичті ұрып-соққан.

Бұл жағдай Нұрасыл Болат әскери борышын өтеп жүргенде сұранып шыққан кезінде болған.

Сот шешімімен Нұрасыл Болат алматылық ерлі-зайыпты заңгерлерді ұрғаны үшін 1 миллион 700 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлы Рахат Тұрлыханов лифтіде әйелін соққыға жыққан болатын.

Іс барысында әйелі күйеуімен татуласып, Тұрлыхановқа қатысты іс жүргізу тоқтатылды. Нәтижесінде ол әкімшілік жауапкершіліктен босатылды.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН СОТТАЛҒАНДАР

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

2023 жылдың қыркүйегінде Бас прокуратураның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқаны хабарланды. Оған қатысты «қаңтар оқиғасы» кезінде билік пен лауазым өкілетін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.  

Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған тағы бір іс бойынша сотталушылар қатарында 45 адам бар.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Искаков, «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев, Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген және Талғат Махатов осы іс бойынша сотқа тартылған. Сот жабық режимде өтіп жатыр.

LRT ІСІ

Мамырда елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен LRT ЖШС директоры болған Талғат Ардан 7 жылға сотталды.

Қанат Сұлтанбековті қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі (қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық ету), 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметті атқару, жергілікті атқарушы органда, Ұлттық банкте, мемлекеттік ұйымдарда қызмет ету құқығынан өмір бойына айырды. Ол акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында қызмет ете алмайды.

Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Талғат Ардан қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағында (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол да 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Талғат Ардан мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

«Астана ЛРТ» ісі бойынша мердігер компанияның жобалаушысы Ұлықбек Ачилов та 7 жылға сотталды.

СОТТАЛҒАН БҰРЫНҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРЛЕР

21 қарашада Астанада 2018-2019 жылдар аралығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаевқа сот үкімі шықты.

Оған қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде ақша түрінде пара алу) бойынша айып тағылған еді.

Сот үкімімен экс-вице-министр Әлтаев ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқара алмайды.

Биыл Индустрия және инфрақұрылымдық бұрынғы вице-министрі Тимур Тоқтабаев та сотталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Қостанай облысындағы қатты пайдалы қазбалардың (никель және кобальт) ірі қоры анықталған «Шевченковское» кен орнын барлау сылтауымен аффилиирленген тұлғаларға аукционсыз заңсыз берген.

Осылайша Тоқтабаевтың бақылауындағы компания қол қою бонусының ең төменгі құнымен өндіруге дайын кен орнын алған. «Шевченковское» кен орнын бірегей никель және кобальт түріндегі қатты пайдалы қазбалар 100 млн тонна 5,7 трлн теңге сомасына бағаланады.

Айта кетейік, 2016-2019 жылдар аралығында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болған Тимур Тоқтабаев 2022 жылдың қарашасында қамауға алынды. Тергеу соттың санкциясымен Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды.