×

Қаржы пирамидасына 10 млн теңге салған әйел: жарнаманы вайнерлерден емес, «Асыл арна» телеарнасынан көрдім

Жәбірленуші өзі берген 10 миллион теңгенің 1,5 миллион теңгесін екі бөліп алған

 Айгерім Таубай 12.01.2023 | 13:30
Halyq Uni

Алматыда қаржы пирамидасына байланысты істе жәбірленуші әйел компанияның жарнамасын «Асыл арна» телеарнасынан көргенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алматыда Astex.kz және Mudarabah Capital қаржы пирамидасына байланысты істегі сотталушыларға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотталушылардың арасында танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов бар.

12 қаңтарда іс бойынша жәбірленушілерден сотта жауап алынды.

Жәбірленуші Алма Бердібаеваның айтуынша, Mudarabah Capital-дың жарнамасын «Асыл арна» телеарнасынан көрген.

«Асыл арна» телеарнасынандағы бағдарламадан, тікелей эфирден көрдім. Ол жерде Руслан Бұрқанов (Mudarabah Capital ЖШС директоры, сотталушы) пен Тимур Рүстемов (сотталушы) осы компания туралы айтты. Содан кейін еш күмәнданбастан ақша салдық. Сол кезде үйімізді сатқан едік, содан 10 миллион теңге салдық. (...) Ол жерде («Асыл арна» телеарнасындағы бағдарламада) бәрі адал әрі ашық екенін, ақша халал жолмен келетінін айтты. Ақша медицина мен білім беру саласына салынатынын айтты. Табыстың бір бөлігі мұқтаж жандарға беріледі деп түсіндім. Ал қалған табыстың бір бөлігі бізге, бір бөлігі ұйымдастырушыларға беріледі», - деді жәбірленуші Алма Бердібаева.

Айтуынша, бағдарламада Бұрқанов пен Рүстемов Mudarabah Capital-дың тендермен айналысатын басқа компаниямен жұмыс істейтіндерін айтқан.

«Екі жылға келісімшартқа отырдық. Компанияның кеңсесіне бардым. Директорды көрген жоқпын, менеджер күтіп алды. Руслан Бұрқановпен жүзбе-жүз сөйлескен емеспін, ақша берілетін уақыт кешіккен кезде тек телефон арқылы сөйлестік. Күтуді өтініп, жақында төленетінін айтты. (...) Mudarabah Capital-ға телеарнадан көріп келгенімді, вайнерлерге кінә тақпайтынымды айттым», - дейді әйел.

Жәбірленуші Алма Бердібаева өзі салған 10 миллион теңгенің 1,5 миллион теңгесін екі бөліп алған.

Айта кетейік, жәбірленушілердің арасында 2022 жылдың сәуірінде Астанада көшеде өзін өртеген Бағила Досмаилова да бар. Ол сотта мұндай әрекетке не себеп болғанын айтты.

«Бұған Рустам Абдрахмановтың (Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары болған) істі немқұрайлы жүргізгені, іс бойынша Құрманғалиев пен Дания Рахимованы қорғағаны себеп болды. Өзімді өртегеніме вайнерлердің қатысы жоқ. Өзімді өртеудің алдында бірнеше күн бұрын видео жариялап, менің өліміме Рустам Абдрахмановты кінәлі деп тануды сұрадым», - деді жәбірленуші Бағила Досмаилова.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қаңтарында Алматыда танымал вайнер Мейіржан Төребаев пен Mudarabah Capital компаниясына қатысы бар деген күдікпен ұсталған бірнеше адамға қатысты сот тергеуі басталды. Іс бойынша 12 сотталушы бар

«Асыл арна» телеарнасы – 2007 жылдан бастап жұмыс істеген рухани-ағартушылық бағыттағы жекеменшік телеарна. Мұхамеджан Тазабек басқарған телеарна 2021 жылы атауын Talim TV деп өзгертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама