×

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына сот үкімі шықты

Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

 Айгерім Таубай 20.06.2023 | 17:45
Фото: Halyq Uni / Нұрдәулет Әбікеев

Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотында Арыстанбек Мұхамедиұлы, Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садуақасоваға қатысты қылмыстық іс қаралды.

2023 жылдың 20 маусымында судья Бағлан Ыдырысов Арыстанбек Мұхамедиұлын 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 28-баптың 3-бөлігі (қылмысты ұйымдастыру) және 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында (аса ірі мөлшердегі сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ұрлау) көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Арыстанбек Мұхамедиұлын мүлкін тәркілеусіз 8 жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынсын, – деді судья.

Сондай-ақ экс-министр мемлекеттік қызметті атқару құқығанан өмір бойына айырылды. Президенттің атына Мұхамедиұлын мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізіледі.

Мұхамедиұлы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сот үкімімен Мұхамедиұлының орынбасары Алмаз Нұрасхан 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Қылмыстық кодекстің 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істей алмайды. Нұрасхан қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.

Exponat ЖШС директоры Азамат Көшенов 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында және 28-баптың 5-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды. Ол да мемлекеттік қызметті енді атқара алмайды.

Exponat ЖШС бас бухгалтері Айым Садуақасова 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында және 28-баптың 5-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Садвакасоваға қатысты үйқамақта ұстау түріндегі шараны қамауға алуға өзгертіп, ол сот залынан қамауға алынсын, – деді судья Ыдырысов.

Судья Ыдырысовтың айтуынша, шығын көлемі 155 млн теңгені құрады. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы шығын 221 млн теңге деп мәлімдеген

221 МЛН ТЕҢГЕ ҚАЙДА КЕТТІ?

Тергеу мәліметтері бойынша, 2020 жылы Ұлттық музейге «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін өткізуге қаражат бөлінді. Мұхамедиұлы бес елде – АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бөлінгенін білген.

«Аталған елдердегі ұлттық музейлермен келіссөздер барысында түрлі себепке байланысты көрме өткізу туралы келісімге келе алмаған. 2020 жылдың қаңтарының басында шетелдер ұсыныстан бас тартты. Алайда Мұхамедиұлы оған қарамасан, көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдаған. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған», - деді мемлекеттік айыптаушы Еркеғали Зәкіров.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Мұхамедиұлы Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Нұрасханға «ұрлық жасауға жәрдемдесетін» жеткізушіні таңдау туралы заңсыз нұсқау берген. Ол директордың орынбасары Азамат Көшеновпен бірге «Экспонат» ЖШС-ны іске тартқан. Бұған дейін бұл ЖШС халықаралық көрмелерді өткізуде мұражайға қызмет көрсеткен. Көшенов бухгалтер Айым Сәдуақасованы да осы іске тартқан.

«Экспонат» ЖШС «ешқандай негіздемесіз» қызмет көрсетуші болып анықталған. Сонымен қатар Алмаз Нұрасхан ЖШС-мен бес елдегі көрмеге жүргізілген сомаға бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан. Бұл жерде сома шамамен 1,27 млрд теңгені құраған.

Коронавирус пандемиясына байланысты Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты ұйымдарға 2020 жылдың І жартыжылдығында жоспарланған шетелдік сапарларды, мәдени-бұқаралық іс-шараларды тоқтату туралы хат жолдаған.

Алайда прокурор Мұхамедиұлының бұрын Мәдениет және спорт министрі қызметін атқарғанын пайдаланып, бұл нұсқауды елемегенін айтады. Осылайша мәдениет және спорт министрлігіне Үндістанның Ұлттық мұражайында 2020 жылдың 18 наурызында көрме өткізу ниеті туралы хат жолдаған.

«Мұхамедиұлы енгізілген шектеулерге қарамастан, бюджет қаражатын жымқыру мақсатымен 2020 жылдың 19-21 наурыз аралығында көрмені ресми түрде өткізуге нұсқау берді. Ал 2020 жылдың 17 наурызында Мұхамедиұлы Үндістанның Ұлттық мұражайына шұғыл түрде көрмені демонтаждау туралы шешім қабылдау туралы хат жолдаған», - делінген айыптау актісінде.

Осылайша, мемлекеттік айыптаушы Нью-Делиде халықаралық көрме өткізілмегенін, ал оның негізгі мақсаты – Қазақстанды танымал ету және имидждік ілгерілету болғанын айтты.

«Даму» аудиторлық компаниясы ЖШС-ның 2022 жылдың 27 шілдедегі есебіне сәйкес, «Экспонат» ЖШС қызмет көрсетуді және тауарды жөнелтуді іс жүзінде орындамай, 221 млн 411 мың 730 теңге сомасында қызмет «атқарған».

Осылайша, Мұхамедиұлы мен Нұрасхан Көшенов пен Сәдуақасованың көмегімен жымқыру әрекетін жасаған.

ЭКС-МИНИСТР КУӘГЕР РЕТІНДЕ ЖАУАП БЕРДІ

Іс бойынша бірнеше куәгер сотқа шақырылды. Ішінде 2019-2020 жылдары Мәдениет министрлігі экономика және қаржы департаментінің директоры қызметін атқарған Анар Досқожаева да бар.

«Бастапқыда бекітілген бюджетте 5 ел болды. Оның ішінде Индонезия, АҚШ, Литва болды. 2020 жылы бюджетті нақтылау кезінде Индонезия Үндістанға алмастырылды. Бюджетке қатысты заңнамадаға сәйкес, мұндай өзгеріс жасауға болады. Бюджеттік бағдарламаның мақсаты – шетелде көрмелерді танымал ету. Мұндай жағдайда түпкілікті нәтиже сақталуы керек. Ал түпкі нәтиже – шетелде көрме өткізу», - деді куәгер Анар Досқожаева.

Өзгерістер туралы департамент басшысы көрме Үндістанға жол тартқан кезде білген.

«Алмаз Нұрасхан (Ұлттық музей директорының орынбасары болған - авт.) министрлікке келіп, көрме өтетін елді өзгертіп, көрменің Үндістанға жолға шыққанын айтты. Ол Үндістаннан шақыру келгендіктен, сол жаққа баруға шешім қабылданғанын айтты. (...) Наурызда қаржы министрлігінен пандемия басталғанын айтылған, халықаралық және ел ішіндегі іс-шараларға бөлінген қаражатты бюджетке қайтару туралы хат келді. Нұрасхан кабинетіме келген кезде бұл туралы оған айттым. Ақшаны бюджетке қайтару қажет екенін айттым. Бірақ ол көрме жолға шығып кеткенін, олай істей алмайтынын жеткізді. Шешім қабылдау үшін мәдениет департаментіне жібердім», - деді ол.

Айтуынша, бірнеше күннен кейін қызметтік хат келген. Ол жерде Үндістандағы көрме аяқталған соң, экспонаттарды елге қайтару қажет екені айтылған.

Сондай-ақ департамент директоры сол кезде бюджетке түзету енгізілмегенін, экспонаттар бюджетке өзгеріс енгізілмей тұрып жіберілгенін айтты.

Ал бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова дауға айналған көрме мемлекеттік бағдарлама болғандықтан оған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы басшылық еткенін айтты.

«Бағдарлама бағыттары бойынша комитеттер мен департаменттер жұмыс істеді. Министрлікке бағынышты ұйымдар бар, олар жобаларды іске асырумен айналысады. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын әу бастан Ұлттық музей іске асырды. Себебі «Алтын адам» Ұлттық музейде тұр. (...) Вице-министр ретінде (Ақтоты Райымқұлова 2016-2019 жылдары вице-министр болған) мәдениетке қатысты барлық жобаға жетекшілік еттім. Алайда «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі жобасына министр Арыстанбек Мұхамедиұлы жеке жетекшілік етті», - деді Райымқұлова.

«АТУ ЖАЗАСЫНА ДА КЕЛІСЕМІН»

Экс-министр сот басталған сәтте де, соттағы соңғы сөзінде де тағылған айыпты мойындамады. Өзінің президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын дер кезінде орындап, «Алтын адамды» елге қайтарғанын бірнеше рет айтты.

«Президенттің дер кезінде тапсырма бергенінің арқасында және Қазақстанның Үндістандағы елшілігі, Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің көмегімен локдаун енгізілмей тұрып – 2020 жылдың 20 наурызында көрмені елге қайтара алдық. Коронавирусқа байланысты шектеулер Үндістанда 2021 жылдың аяғында алынды. Егер «Алтын адамды» Үндістанда шамамен екі жылға жуық уақытқа қалдырсақ, онда Қазақстан ғана емес, әлемдік қоғамдастық бірегей мұрадан айырылатын еді. Мен елдің заңдарын бұзған жоқпын. Тағылған айыпты толық мойындамаймын», - деп бастады Арыстанбек Мұхамедиұлы соттағы соңғы сөзінде.

Сондай-ақ экс-министр айыптау актісінде айтылған ақша жымқыру әрекеті дәлелденбегенін айтып өтті.

«Айыптау актісінде ел заңын бұзу, сөз байласу көрсетілген бір де бір дерек жоқ. Сот залына шақырылған куәгерлер ақша жымқыру дерегі болмағанын сенімді түрде мәлімдеді. Менің тарапымнан және Нұрасхан, Көшенов, Садуақасова тарапынан заңсыз әрекеттер болмады. (...) Жымқыру және сөз байласу әрекеті болған жоқ. Оған ешқандай дәлел жоқ. Мен кез келген жазаға, тіпті ату жазасына да келісемін, бірақ ақша жымқыру дегенге келісе алмаймын. Қазақтың «өлімнен ұят күшті» деген керемет мақалы бар», - деді экс-министр.

Айта кетейік, мемлекеттік айыптаушы Еркеғали Зәкіров Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама