×

10 жыл және 422 млн теңге: Түркістанның экс-әкімі Рашид Аюповқа шыққан үкім өзгеріссіз қалды

Аюпов 2019-2021 жылдары Түркістан қаласының әкімі болды, 2022 жылы Кентау әкімі болып тағайындалған

 Айгерім Таубай 31.10.2023 | 16:50
скриншот: онлайн сот отырысынан

Астана сотында 2023 жылдың 20 қазанында Түркістан мен Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповтың апелляциялық шағымы қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Рашид Аюпов 2023 жылдың тамызында Қылмыстық кодекстің 28-бабы және 312-бабы бойынша (1997 жылғы редакциясы) кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Аюповтың сот үкіміне апелляциялық шағымын құрамында судья Әділхан Шайхлисламов, Мұрат Солтыбаев, Нұрлан Баяхметов бар Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарады.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкімімен Рашид Аюпов Қылмыстық кодексінің 1997 жылғы редакциядағы 177-бабы 4-бөлігінің «б» тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылды және осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту уақыты өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясында көрсетілген 28-бабының 4-бөлігі – 312-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды.

Аюповтан мемлекет кірісіне сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасау нәтижесінде алынған 422 800 000 теңге өндірілетін болды. Сондай-ақ Шымкент қаласында орналасқан Неметжан Сатыбалдиевтің атына тіркелген жер учаскесіндегі тұрғын үйге, Данияр Айыповқа тіркелген «КАМАЗ» маркалы автокөлікке залал өтелгенге дейін қолдануға тыйым салынды (арест).

Апелляциялық шағым барысында Сатыбалдиев пен Айыпов жылжитын және жылжымайтын мүлікке салынған тыйымды алып тастауды сұрады. Алайда сот алқасы бірінші инстанциядағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылдың 25 тамыздағы Рашид Аюповқа қатысты үкімі сотталған адамның, адвокаттардың, мүдделі тұлғалардың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалады. Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді, - делінген сот алқасының қаулысында.

Рашид Аюпов Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясындағы 177-бабы 4-бөлігі Б пункті (ірі көлемдегі алаяқтық), 28-бабы 4-бөлігі (басқа адамды сендіру, пара беру, қорқыту немесе басқа тәсілмен қылмыс жасауға итермелеу), 312-бабы 5-бөлігі (пара беру) бойынша айыпталды. Бірінші инстанциядағы сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Раушан Ақшораева айыптау актісін оқығаннан кейін, істі қараған судья Қажымұқан Мекемтас сотталушының тағылған айыпқа қатысты ойын сұрады.

Құрметті судья! (Өмірзақ) Шөкеев пен (Ғабидолла) Әбдірахымовқа қарсы жалған куәлік беруден бас тартқандықтан, барлық айыпты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ойдан құрастырды. Тағылған айыпты мойындамаймын. Сот процесі барысында шындықты дәлелдеймін», - деді Рашид Аюпов.

ІРІ КӨЛЕМДЕ ПАРА БЕРУГЕ ИТЕРМЕЛЕГЕН

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2012 жылдың 1 наурызынан 2013 жылдың 31 шілдесіне дейін Аюпов премьер-министрдің кеңсесінде жұмыс істеген. 2013-2015 жылдары академиялық демалыс алып, Лондондағы Мэри патшайым университетінде (Queen Mary University of London) оқыды.

Іс бойынша жәбірленуші – Сайдулла Қожабаев. Ол Alageum Group-тың бақылаушы акционері. Оның құрамына «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Ақтау трансформатор зауыты» ЖШС, «Алматы электромеханикалық зауыты» ЖШС, «Электромонтаж» АҚ, «ПромЭнерго» жобалау институты және Шымкенттегі Asia Trafo трансформатор жабдықтарын өндіретін зауыт кіреді. Тергеу мәліметіне сәйкес, 2013 жылы Англияда жүрген Аюпов кәсіпкер Сайдулла Қожабаевпен байланыста болған.

Аюпов Қожабаевтың компаниясы туралы ақпарат жинай бастайды. Оның ішінде қаржылық жағдайы туралы ақпарат жинаған. Қожабаев пен оның компаниясы туралы ақпарат жинап болған соң Аюпов Қожабаев пен Ғабидолла Әбдірахымов арасында кездесу ұйымдастырған. Кездесу Астанадағы Үкімет үйінде өткен. Әңгіме барысында Әбдірахымов компанияға қолдау көрсетуге, түрлі тендерді жеңуге көмек көрсетуге дайын екенін айтқан, - деді мемлекеттік айыптаушы Раушан Ақшораева.

Прокурордың айтуынша, кәсіпкер Қожабаев тендерде жеңіске жету үшін Аюповке бірнеше адам арқылы 2,8 миллион доллар берген.

Айыптау актісіне сәйкес, Рашид Аюповтың досы Бауыржан Тәжібеков 1 млн долларды алғаннан кейін бірден Аюповтың атына 13,4 млн теңгеге Land Cruiser сатып алған. Аюпов бұл уақытта Англияда болған, алайда сатып алу құжаттары Аюповтың атына толтырылған. Содан кейін Тәжібеков Кентауға барып, қалған ақшаны гаражында сақтаған.

2013 жылдың 6 және 8 шілдесінде Бауыржан Тәжібеков (Аюповтың досы – автор) Аюповтың тапсырмасы бойынша Аюповтың шотына тағы 15 мың доллар аударған. Ал әйелі Гүлзира Аюповаға 4,5 млн теңге аударған. Содан кейін Аюпов Лондоннан Астанаға ұшып келген. Тәжібековке ақша мен отбасын Шымкенттен Астанаға алып келуді тапсырған. Тәжібеков қалған ақшаны алып, Аюповтың отбасымен бірге Астанаға келген. Олар жалдамалы пәтерге барған, ол жерде Тәжібеков қалған ақшаны Аюповке берген. Аюпов депозитке 30 млн теңге салған, 26 млн теңгеге үш «КамАЗ» жүк көлігін сатып алды, 90 млн теңгеге BI Village-де үй сатып алған, Астанада 12 млн теңгеге үй-жай сатып алған, - деді мемлекеттік айыптаушы.

Прокурор Рашид Аюпов шенеунік ретінде Сайдулла Қожабаевты аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деп санайды.

Аюпов Қожабаевтың жалпы сомасы 2,8 млн АҚШ долларын заңсыз алды, бұл 422 млн 800 мың теңгеге тең, - деді прокурор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама