×

Арал теңізі және техногенді апаттарды болжау: Қазақстан қандай ғарыш зерттеулерін жүргізді?

Қазір ғарыш саласында 10 кәсіпорын мен 1 300 адам жұмыс істеп жатыр

 Айнұр Шошаева 12.04.2024 | 10:25
Коллаж: Halyq Uni

12 сәуір – Қазақстанда ғарышкерлер күні. Қазір еліміздің ғарыш саласында 1 300 адам жұмыс істейді. Оның ішіндегі ғылыми кадр саны – 197 адам, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тәуелсіздік жылдарында отандық ғарышкерлердің ғарышқа ұшуы кезінде «Мир» орбиталық кешені және Халықаралық ғарыш станциясының бортында бес ғылыми зерттеу мен эксперименттер бағдарламасы орындалып, көптеген маңызды нәтижелер алынды.

Мысалы, 1991 жылдың қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері – Тоқтар Әубәкіровтің ұшуы кезінде Арал теңізі бассейнінің шаңды дауылдары түсірілген. Соның негізінде Ұлттық ғылым академиясы экологиялық қолайсыз аймақтарға жер үсті зерттеулерін жүргізді. Сондай-ақ өсімдік жасушаларын тәжірибелік іріктеу нәтижелері бойынша картоптың екі жаңа сорты жасалып, олардың әр түрлі ауруларға және қоршаған ортаның қолайсыз факторларына ерекше төзімді екені анықталды.

Әубәкіровтің ұшу кезінде биотехнологиялық эксперименттер де жүргізілген, нәтижесінде өсімдіктердің құнды формалары алынды. Бұл бірегей нәтижелер Қазақстандағы жаңа бағыт – ғарыштық биотехнологияның дамуына негіз болды.

Қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаевтың жалпы ұзақтығы 342 тәулік болатын үш ғарыштық ұшу кезінде Қазақстан, Ресей, АҚШ, ЕҒА ғылыми бағдарламалары бойынша ғылыми, техникалық, технологиялық, медициналық, биотехнологиялық және басқа да эксперименттердің орасан зор көлемін орындады. Атап айтқанда 1994 жылдың шілде-қараша айларында 126 тәуліктік ғарыштық ұшу кезінде ЭО-16 экипажы «МИР- NASА» ресейлік-америкалық бағдарламасы және «Полет-М» ғылыми қазақстандық бағдарламасы бойынша ғылыми зерттеулердің, медициналық және техникалық эксперименттердің үлкен бағдарламасын орындаған. Ал 1998 жылдың қаңтар-тамыз аралығында ғарышқа екінші рет ұшқан кезінде Мұсабаев ЭО-25 экипажының мүшелерімен бірге табиғи-ресурстық мониторингті, астрофизикалық, геофизикалық, биологиялық, техникалық және технологиялық эксперименттерді, медициналық зерттеулерді, содай-ақ «МИР» ОК техникалық қызмет көрсету бойынша профилактикалық жұмыстарды орындады. «МИР-NASА» және қазақстандық «Полет-М2» бағдарламалары аясында эксперименттер жүргізілді.

Айта кетейік, 2001 жылы Халықаралық ғарыш станциясында геофизикалық, медициналық және биологиялық эксперименттер, Қазақстан аумағының табиғи-ресурстық мониторингі орындалды. Оның ішінде ғарыш кеңістігі факторларының қорытпаларының физикалық-техникалық қасиеттеріне әсері, борттық аппаратура элементтерінің жұмысқа қабілеттілігі, құрылымдық материалдардың электрофизикалық қасиеттері анықталды. Сонымен қатар топырақ-өсімдік жамылғысының, су және қар ресурстарының жай-күйін бағалауға байланысты жерүсті және ғарыштық эксперименттер орындалды.

Алынған нәтижелер негізгі астық егетін аймақтардағы дақылдардың өнімділігін бағалау үшін пайдаланылды. Ғарыштық медицина саласындағы эксперименттердің нәтижелері аэроғарыштық, спорттық, экстремалды медицинада және практикалық денсаулық сақтауда қолдануға ұсынылады, ғарыштық ұшудың қолайсыз факторларының, соның ішінде радиациялық әсердің ықпалын төмендететін арнайы өнімдер мен биологиялық белсенді қоспалар әзірленді, - деді министрлікте.

Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов 2015 жылы қыркүйекте ЭП-18 экипаж мұшелерімен бірге Халықаралық ғарыш станциясына ұшты. Бұл жолы ғарыштық эксперименттің негізгі мақсаты ғарыштық мониторингпен байланысты болды. Атап айтқанда Айымбетов табиғи және техногенді апаттар салдарын болжау, шығынын азайту және болдырмаудың жерүсті-ғарыштық жүйесіне эксперименттер жүргізу, найзағайлы белсенді аумақтар үстіндегі жоғары атмосферадағы күй мен құбылыстарды зерттеу, микрогравитация жағдайында магниттік өрістегі зарядталған бөлшектердің құрылымы мен динамикасын зерттеу, ғарышкердің жұмысына ғарыштық ұшу факторларының әсерін зерттеулер жүргізді. Сондай-ақ экипаждың психологиялық-физиологиялық күйіне қашықтықтан мониторинг, Халықаралық ғарыш станциясы экипажының көпұлтты құрамының жеке және топаралық қатынастарына әсерін зерттеп, медициналық зерттеулер жүргізді.

Айдын Айымбетовтың ғарышқа ұшуы кезінде алынған нәтижелер аэроғарыш саласы үшін найзағай белсенділігі бар өңірлердің үстінен ұшу шарттары бойынша ұсынымдар әзірлеуге, экологиялық дағдарыс аймақтарының жағдайының өзгеру динамикасын зерттеу басқарушылық шешімдерді уақтылы қабылдау үшін осы аймақтардың пайда болу заңдылықтарын зерттеуге, микрогравитация жағдайында кристалдардың өсу механизмін зерттеу және жер жағдайында алуға болмайтын идеалды кристалдарда кулондық өзара әрекеттесу механизмін орнатуға мүмкіндік берді.

7 СПУТНИКТІҢ БІРІ «ЖЕРЛЕНДІ»

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан 3 түрлі мақсатта пайдаланылатын (байланыс, Жерді қашықтықтан зондтау және ғылыми-техникалық мақсаттағы) 7  спутник ұшырған.

Қазір Қазақстанда «KazSat-2» және «KazSat-3» 2 байланыс спутнигінен тұратын «KazSat» спутниктік байланыс жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйенің қызметтерін еліміздің отандық байланыс операторлары мен мемлекеттік органдары пайдаланады, сонымен қатар «KazSat-2» және «KazSat-3» ғарыштық байланыс жүйесі Қазақстанның спутниктік байланыс пен телехабар таратудағы (OTAU TV, Алма ТВ цифрлық және спутниктік теледидарын тарату) қажеттілігін 100%-ға қанағаттандырып отыр. Қазір Орталық Азия елдеріне ғарыштық байланыс жүйесі қызметтерінің экспорты бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, «KazSat-1» байланыс спутнигін құру және ұшыру жұмыстары 2004 жылғы 7 қаңтарда «М.В. Хруничев атындағы МҒҒӨО» АҚ-мен жасалып, 2006 жылдың 18 маусымында ұшырылды. Оған көп үміт артылып, қызмет ету мерзімі 10 жылдан 12 жылға дейін болады деп болжанған еді. Алайда ол екі жылға жетпей, істен шықты. Сол кезде жобаға 65 миллион доллар жұмсалған болатын. 2008 жылы бағдардың жоғалуына және трафиктің бұзылуына әкеп соқтырған штаттан тыс жағдайдың салдарынан «KazSat-1» спутнигі арнайы орбитаға («жерлеу орбитасы») шығарылды.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ИНЖЕНЕРЛЕР ЖАСАҒАН СПУТНИК СЫНАҚТАН ӨТІП ЖАТЫР

Министрліктің мәліметінше, бүшінде жерді қашықтықтан зондтаудың (бұдан әрі – ЖҚЗ) қос спутникті жүйесі (KazEOSat-1 және KazEOSat-2) елімізді қажетті деректерімен толық қамтамасыз етіп отыр. Соның арқасында Қазақстанның жер ресурстары 100% «цифрланған» және ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, жер пайдалану және экология саласындағы салалық міндеттер шешімін тауып жатыр. Бұл жүйенің ұлттық операторы 2016 жылдан бастап деректердің үлкен мұрағатын жинақтады - бүкіл әлем бойынша 1,6 млрд шаршы км астам түсірілді. Мемлекеттік органдар үшін ЖҚЗ ҒЖ деректерінің шамамен 128 млн шаршы км берілген.

Ғарыш жүйесінің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы қажеттілікті қамтамасыз ету, оның ішінде қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, ТЖМ және т.б. Аталған ЖҚЗ спутниктерінің ғарыш мониторингінің нәтижелері экономиканың көптеген салалары үшін (ауыл шаруашылығы, экологиялық, жер, орман және су ресурстарының мониторингі, төтенше жағдайлар, мемлекеттік шекара және т.б.) 35 геоқызметтер енгізілді және тұрақты негізде жаңартылып отырады. Сонымен қатар 2018 жылдың желтоқсанында ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесінің (KazStSat және KazSciSat) екі спутнигі ұшырылды. Қазір тәжірибелік пайдалану сәтті өтіп жатыр. Бұл спутниктердің жобасын өз технологияларын жүзеге асыру және халықаралық нарыққа шығу құзыреттілігін арттыру мақсатында қазақстандық инженерлер жасаған болатын, -  деді министрлік.

Айта кетейік, ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесінің негізгі міндеті – ғарыш жүйелерін жобалау, құрастыру және сынау технологияларын пысықтау, жаңа платформа мен бірқатар пайдалы жүктемелер үшін ұшу тарихын алу. Бұл жобаны іске асыру қорытындысы бойынша қазақстандық мамандар: әмбебап қызметтік платформа, жерүсті сегменті, оптикалық пайдалы жүктеме, борттық компьютер, күн датчигін әзірледі. Сондай-ақ ҒА жүйелі жобалауда, құрастыруда және сынауда практикалық тәжірибе алды. Бүгінде Қазақстанның ғарыш саласында 10 кәсіпорын мен 1 300 адам жұмыс істейді, оның ішінде  ғылыми кадрлар саны – 197, орташа еңбек өнімділігі шамамен 259 мың теңгені құрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама