×

Қайрат Боранбаевқа шыққан үкімнің күші не үшін жойылды

Кәсіпкер бірінші инстанциядағы сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын

 Айгерім Таубай 03.07.2023 | 12:32
Фото: Halyq Uni

Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды. Ол сот залынан қамауға алынды.

Сотталғандарға қатысты үкімнің күшін жоюға Ресей тарапынан «ҚазТрансГаз» АҚ-ға ұсынылған газ бағасы туралы бастапқы деректердің болмауы себеп болды. Мәмілеге сәйкес «ҚазТрансГаз» АҚ «Азия-газ Чунджа» ЖШС-дан мың текше метр газ үшін 167,32 доллардан 176,98 АҚШ долларына дейінгі бағаға газ сатып алды.

«Үкім «Газпром» ЖШҚ мен «Қазмұнайгаз» АҚ арасындағы 2019 жылдың 12 шілдесіндегі кеңесудің хаттамасы болған деген болжамға негіздлеген. Ол жерде 18-тармақта мың текше метр газ үшін баға 145 АҚШ доллары деп көрсетілген. Бағаның айырмашылығын газдың бағасын көтеру арқылы жасалған ұрлық деп есептеген. Алайда сол хаттаманың түпнұсқасы жоқ. Хаттамада қол қоюшылардың аты-жөні көрсетілмеген, - делінген Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысында.

Сондай-ақ оған қол қойғандардан қылмыстық істі қарау барысында жауап алынбағаны айтылды.

Оған қол қойған адамдардан іс бойынша жауап алынбаған және олардың бар екені расталмаған. «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлерінің хат алмасуынан алынған бұл хаттама жобасының электрондық көшірмесі оның түпнұсқа екенін дәлелдеу үшін жеткіліксіз, - делінген құжатта.

Істе 2019 жылдың 12 шілдесіндегі хаттаманың түпнұсқасы бар, ол құжатта 17 тармақ көрсетілген. Алайда 145 АҚШ долларына газ сату көрсетілген 18 тармақ ол құжатта жоқ.

Неліктен бір күні екі хаттама жасалғаны анықталмаған. Оның бірі түпнұсқа хаттама, ал екіншісі менеджерлердің электронды хаттарынан алынған және кімнің қол қойғаны белгісіз құжат.

Осылайша, айыптау үкімі тек айыптаудың жорамалы және белгісіз дереккөзден алынған құжаттың көшірмесіне негізделген. (...) Сот белгісіз дереккөзден алынған кім қол қойғаны белгісіз құжаттың көшірмесін дәлел деп таныған, - делінген сот алқасының қаулысында.

Мұндай жағдайда сот үкімі жойылады, ал қылмыстық іс апелляциялық сатыда қаралады.

ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ ІСІ

Дариға Назарбаеваның бұынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа қатысты басты сот талқылауы 2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада басталды. Тергеу мәліметіне сәйкес, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген. Компания АҚ-мен 2 млн 26 мың 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.

«Жанұзақ жағдай жасап, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы шотына газ жеткізгені үшін қосымша құн салығын қосқанда 141 681 676 272 теңге аударылған. «QazaqGaz» ҰК» АҚ көрсетілген көлемдегі тауарды тікелей «Газпром-экспорт» арқылы 1000 текше метрі үшін 145 АҚШ доллары бағасына 127 116 358 270 теңгеге алады. Осылайша Жанұзақ Серді, Боранбаев және Наханов 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 23 қаңтарына дейінгі аралықта 14 565 318 010 теңге сомасына мемлекет қаражатын жұмсаған», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Сотталушылар тауарды арзанға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама