×

Қайрат Боранбаевқа сот үкімі шықты

Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді

 Айгерім Таубай 31.03.2023 | 17:18
Фото: Halyq Uni

Қайрат Боранбаевқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сот үкімімен Қайрат Боранбаев және Роман Наханов қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігі, 218-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталушылардың мүлкі тәркіленеді. Екеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, қаржы қызметін реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда лауазымды атқару құқығынан айырылды.

Сотталушы Тайыр Жанұзақ қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Бұған дейін үйқамақта болған Жанұзақ сот залынан қамауға алынды.

Сондай-ақ Қайрат Боранбаев «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» орденінен айырылды.

Боранбаев пен Наханов жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты басты сот талқылауы басталды. Соттағы соңғы сөзінде Боранбаев судьяның заңды үкім шығаратынына сенім білдірді.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген. Компания АҚ-мен 2 млн 26 мың 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.

«Жанұзақ жағдай жасап, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы шотына газ жеткізгені үшін қосымша құн салығын қосқанда 141 681 676 272 теңге аударылған. «QazaqGaz» ҰК» АҚ көрсетілген көлемдегі тауарды тікелей «Газпром-экспорт» арқылы 1000 текше метрі үшін 145 АҚШ доллары бағасына 127 116 358 270 теңгеге алады. Осылайша Жанұзақ Серді, Боранбаев және Наханов 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 23 қаңтарына дейінгі аралықта 14 565 318 010 теңге сомасына мемлекет қаражатын жұмсаған», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Сотталушылар тауарды арзанға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған.

Кәсіпкер Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ сот процесі барысында айыптау актісімен келіспеді.

Прокурор Қайрат Боранбаевты мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Қайрат Боранбаев – Дариға Назарбаеваның құдасы. Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Айсұлтан 2020 жылы тамызда Лондонда қайтыс болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама