×

LRT ісі: Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Арданға сот үкімі шықты

Екеуі де 7 жылға бас бостандығынан айырылды

 Айгерім Таубай 03.05.2023 | 16:50
коллаж: Halyq Uni

Елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен LRT ЖШС директоры болған Талғат Ардан 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Судья Виктория Семенова Қанат Сұлтанбековті қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі (қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық ету), 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметті атқару, жергілікті атқарушы органда, Ұлттық банкте, мемлекеттік ұйымдарда қызмет ету құқығынан өмір бойына айырды. Ол акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында қызмет ете алмайды.

Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Жазаны өтеу мерзімі Сұлтанбековті ұстап, оны қамауға алған күннен бастап есептеледі, - деді судья.

Талғат Ардан қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағында (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол да 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Талғат Ардан мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

«Астана ЛРТ» ісі бойынша мердігер компанияның жобалаушысы Ұлықбек Ачилов та 7 жылға сотталды.

Сондай-ақ судья Қанат Сұлтанбековті қылмыстық кодекстің 235-бабының 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәсіз деп таныды. Талғат Арданның қылмыстық кодекстің 262-бабының 3-бөлігінде (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) көрсетілген қылмысты жасамағаны анықталды. Судья қылмыс жасағаны дәлелденбегендіктен аталған бап бойынша ақтады.

Айта кетейік, Astana LRT жобасын іске асыруға бөлінген ақша қаражатын жымқырды деген қылмыстық іс бойынша «Астана LRT» (қазіргі атауы City Transportation Systems) компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке «қызыл бюллетень» бойынша халықаралық іздеу жарияланған.

Бұған дейін Талғат Арданның Түркияда жүргені, Қанат Сұлтанбековтің АҚШ аумағында екендігі анықталды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама