Сарыағашта тұрғындардың миллиондаған теңгесін жымқырған екі жұмыссыз әйел түрмеге түсті
Алаяқтар белгілі бір «схемамен» ақша тапқан
Сарыағашта «мемлекеттен қайтарымсыз 5 млн теңге алып беремін» деп алаяқтық жолмен тұрғындардың 6,5 млн теңгесін жымқырған екі әйел қамауға алынды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
«Сарыағаш аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтықтың құрбаны болғандығын жеткізді. Олардың айтуынша, сырттай таныс әйел мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге «қайтарымсыз 5 млн теңге алып беремін» деп сеніміне кіріп, әрқайсысынан 300 мың теңгеден алған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркелді», – дейді ІІМ.
Хабар алысымен сарыағаштық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы тұрғындарды алдаған екі бірдей әйел екені анықталды. Олардың кім екені нақтыланып, тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Күдіктінің бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі Алматы облысының тұрғыны болып шықты.
Анықталғандай, күдікті екеу телефон арқылы танысып, тілдескен. Яғни, алматылық әйелдің мемлекеттен қайтарымсыз ақша алып беретіні жайлы естіген жергілікті тұрғын оған адам тауып беріп отыратынын айтқан. Содан таныстарының әрқайсысынан 300 мың теңгеден алып, сыбайласына келіскен 100 мың теңгесін беріп, қалғанын өзі жаратып жіберген. Полицейлер осы қылмыстық істі соңына жеткізу үшін жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді, – делінген деректе.
Нақты дәлелдерді келтіре отырып, іс-құжаттарын жинақтады. Осылайша екі әйел 20-дан астам жәбірленушіден 6,5 млн теңгеден астам ақша алған. Жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Бүгінде Сарыағаш аудандық сотының шешімімен 37 және 32 жастағы жұмыссыз әйелдер қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.
137 миллион теңге: Нұр-Сұлтан тұрғыны ресейлік алаяқтарға жем болды. «Ата-анаңа айтпа»: алаяқтардың баланы қалай алдайтыны анықталды. Қарағанды облысында алаяқ 14 тұрғынның атынан несие рәсімдеген. Алаяқтықпен күрес: Бірінші кредиттік бюро «Stop Credit» қызметін іске қосты. Алматылық бойжеткен 80 мың долларынан айырылып қалды. Қызылордада 14 адамды сан соқтырған алаяққа қатысты сот үкімі шықты. Сарыағашта миллиондап ақша жымқырған алаяқ әйел құрықталды. Семейде алаяқ емші ұсталды. Семейлік тұрғын зейнеткердің үйін өз атына аударып алған. Olx.kz сайтында тұрғындарды алдаған алаяқ құрықталды. Шымкентте 21 тұрғынды алдаған алаяқ 4 жылға сотталды.