×

Алаяқтықпен күрес: Бірінші кредиттік бюро «Stop Credit» қызметін іске қосты

500-ден астам қазақстандық өзінің несие тарихына қолжетімділігін шектеді

 Динара Амантай 02.06.2022 | 16:43
Фото: Halyq Uni

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 500-ден астам қазақстандық өзінің несие тарихына қолжетімділігін шектеді. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюроның баспасөз қызметі хабарлады.

«Stop Credit» қызметі азаматтарға құжаттарын жоғалтқанда, шетелге шыққанда немесе басқа да жағдайларда несиелік алаяқтардан қорғануға көмектесу үшін іске қосылды. Несиелік тарихты ұсынуға ерікті шектеу қаржы институттары үшін жалған несиеге қосымша тексеру жүргізу керектігін білдіреді.

Бюроның мәліметінше, мұндай өнімге деген қажеттіліктің туындағанына біраз жыл болды. Көптеген азаматтардан түсетін ұсыныстарға байланысты қосымша сервисті құру мәселесі өзекті бола бастады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мәжіліс депутаттарының несие беруге ерікті түрде тыйым салуды енгізу туралы ұсынысын қарап, мұндай шектеуді енгізуді қолдады.

Кредиторларға несие тарихына қол жеткізуді шектеу үшін азаматтарға ЭЦҚ қажет болады. Қызметке жазылғаннан кейін кредиттік ұйымдар несие беру туралы шешім қабылдау үшін несие есебін ала алмайды және азаматтардың несие тарихын алуға ерікті түрде тыйым салғаны туралы хабарлама алады.

Бұл шектеу азаматтың қолданыстағы несиесі бар кредиттік ұйымдарға қолданылмайды, өйткені несие мерзімі ішінде қарыз алушыны бақылау үшін несие тарихы қаржы институтында болуы керек.

Қажет болған жағдайда пайдаланушы БКБ веб-сайтында онлайн режимде қызметтен бас тарта алады. Сонымен қатар, қызметке жазылған тұлға өзінің несие тарихындағы кез келген өзгерістер туралы хабарламалар алып отырады. Мысалы, егер несие беруші алаяқтық әрекет барысында, тыйым салынғанына қарамастан, несие тарихын сұрамай-ақ несие беруді шешсе, пайдаланушы оған несие берілгені туралы хабарлама алады. Бұл алаяқтық әрекеттің болып жатқаны туралы дер кезінде біліп, оны тоқтатуға мүмкіндік береді.

Айта кететін жайт, аталмыш қызмет тұтынушыларға ақылы түрде көрсетіледі.  

Еске сала кетсек, Қарағанды облысында алаяқ 14 тұрғынның атынан несие рәсімдегені туралы жазған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама