×

137 миллион теңге: Нұр-Сұлтан тұрғыны ресейлік алаяқтарға жем болды

Қылмыстық топтың екі мүшесі ел аумағынан қашып үлгерген

 Динара Амантай 01.06.2022 | 11:54
Фото: Halyq Uni

Елорда тұрғыны полицияға арызданып, белгісіз біреулер оның 137 094 000 теңге қаражатын алдап иемденіп кеткенін айтқан, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Рolisia.kz порталына сілтеме жасап.

Ер адамның айтуынша, оған телефон арқылы белгісіз екі адам қоңырау шалған. Олардың бірі – ер адам өзін қала прокурорының орынбасары ретінде, ал екіншісі – әйел өзін қаржылық бақылау бөлімінің қызметкері ретінде таныстырған. Хабарласқан адаамдар оған алаяқтар оның шотынан ақша алуға тырысып жатқанын және бұл ақшаны сақтау үшін оны банктің кепілдік шотына жіберу керек екенін айтқан. Осылайша, жәбірленуші өзінің барлық ақшасын 15 рет әртүрлі шоттарға аударған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында «Сарыарқа» ауданының жедел уәкіл қызметкерлері күдіктілердің бірі – Ресей Федерациясының 33 жастағы азаматын ұстады. Қылмыстық топтың қалған екі мүшесі еліміздің шекарасынан асып үлгерген. Қазіргі уақытта іздестіру шаралары жүргізілуде.

Тергеу барысында елорда аумағында қылмыстық топ жалған тұлғалар арқылы банк карталарын рәсімдегені анықталды. Бір ай ішінде күдіктілер еліміздің әртүрлі банктерінде ашылған 35 банк картасын алған. Алаяқтық әрекеттерден алынған ақшаны олар қолма-қол ақшаға айналдырып, АҚШ долларына айырбастаған. Кейін күдіктілер валютаны криптовалютаға айырбастап, Ресей Федерациясына жіберген.

Қылмыстық топпен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті түрлі ведомстволардың басшылары мен қызметшілерінің атынан қоңырау шалумен байланысты алаяқтықтың жиілеп кеткені туралы ескертеді, – деп мәлімдеді. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта ұсталған алаяқ тергеу изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама