Украинадан 23 қазақстандық жүк көлігі шығарылды
Тағы 7 жүк көлігі Польша шекарасында тұр
2022 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және үшінші елдердің мемлекеттік органдарының көмегімен Украинадан 23 қазақстандық жүк көлігі шығарылды.
Тағы 7 жүк көлігі Польша шекарасында тұр. 26 жүк көлігі Украинаның орталық және шығыс аймақтарында қалып отыр. Бұл жүргізушілерге де қолдау көрсетіліп жатыр, – дейді ИИДМ.
Бұған дейін ИИДМ-де халықаралық жүк тасымалында туындаған мәселелер бойынша жедел кеңес өткен болатын. Қазақстандық жүк көліктерін Украинадан шығару үшін олардың тізімі жасалып, Сыртқы істер министрлігіне берілді. Сондай-ақ ИИДМ көліктер мен жүргізушілерді қосымша құжаттарсыз өткізу жөнінде Польша мен Молдова мемлекеттік органдарына жүгінді. 2022 жылғы 28 ақпанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев уәкілетті органдармен қазақстандық тасымалдаушылардың Украинадан шығуы үшін «жасыл дәліз» ұйымдастыру жөнінде келіссөздер жүргізді. Кеңес барысында жүргізушілерді Украинаның батыс бөлігі арқылы Польша мен Молдова шекараларына жіберу ұсынылды. Онда өткізу пунктері ашылып, жеңілдетілген тәртіппен өту ұйымдастырылды. 2022 жылғы 3 наурызда Қамалиев Польшаның инфрақұрылым және құрылыс министрі А.Адамчикпен телефон арқылы сөйлесіп, жүк тасымалында туындаған жағдайды талқылады.
«Бұдан басқа ИИДМ-де жүк тасымалдау саласындағы мәселелер бойынша жедел штаб құрылып, оны министр Қайырбек Өскенбаев басқарды. Жедел штаб бизнес-субъектілерге және халықаралық жүк тасымалдарына қатысушыларға көмек көрсету және ақпараттық қолдау үшін құрылған. Сондай-ақ ИИДМ Ахуалдық орталығы базасында жедел желі ашылды. Туындаған сұрақтар бойынша Call-орталықтың +7 708 088 0 800, +7 (7172) 98-35-35 нөмерлеріне қоңырау шалуға, + 7 708 088 0 800 WhatsApp нөміріне жазуға болады», – делінген ақпаратта.
Бұған дейін қазақстандық жүк тасымалдаушылардың Украинадан қалай шығарылып жатқаны белгілі болды. Қазақстандық жүктердің халықаралық тасымалда проблемалары қалай шешіліп жатқаны айтылды. Көлік және логистика саласында да жедел штаб жұмысын бастады. Латвия порттары Қазақстан жүктерін қабылдауға келісті.
Атап өтсек, қазір Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Жуырда Путин Донбасстағы арнайы әскери операция туралы мәлімдеді. Қазақстан мен Украина арасындағы әуе рейстері тоқтады. Бұған қоса еліміздің турфирмаларына жолдама сатуға тыйым салынады. Қазақстан Украинадағы азаматтарын эвакуациялауға кірісті. Украинада зардап шеккен еліміздің азаматтарының бар-жоғы анықталды. Елшілік Украинадағы қазақстандықтарға үндеу жасады. Валюта бағамы әрі банктерге қатер күшейе түсті, деді Президент. Елімізде тауарды негізсіз қымбаттатқандар жазаланады. Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізді. Ұлттық банк рубль бағамының теңгеге әсері туралы мәлімдеме жасады. Үкіметте дағдарысқа қарсы жедел штаб құрылды. Украина мен Ресей кейбір секторда қақтығысты тоқтатуға келісті.