×

Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады

Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп шаралар қабылдаған еді

 Халық үні 24.02.2022 | 16:40
фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы премьер-министрді қабылдады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде әрі Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету үшін Ұлттық банкпен бірлесіп қабылдаған шаралар туралы баяндалды, – дейді Ақорда.

Президентке халықаралық аренадағы соңғы оқиғаларға байланысты экономиканы дамытудың дағдарысқа қарсы жоспарының негізгі қырлары таныстырылды.

«Тоқаевқа қаңтар оқиғасы салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің шығынын өтеуге әрі қираған мемлекеттік нысандарды қайта қалпына келтіруге қатысты жұмыстар жайында мәлімет берілді», – делінген ақпаратта.

Әлихан Смайылов кәсіпорындарға апаратын теміржолдарға ие табиғи монополиялар нысандарына белгіленген тарифті төмендету, өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде айтты.

Мемлекет басшысына ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау жүйесін және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіру мәселелері жайлы мағлұмат берілді, – дейді Ақорданың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар үкімет басшысы Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарының жүзеге асырылуы және 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауға дайындық жұмыстары туралы есеп берді.

Бұған дейін Путин Донбасстағы арнайы әскери операция жайында мәлімдеді. Бұл экономикалық ахуалға әсер еткендіктен Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк азаматтардың теңгедегі депозиттеріне 10% өтемақы төлеу жөнінде шешім қабылдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама