×

Қазақстандық жүк тасымалдаушылардың Украинадан қалай шығарылып жатқаны белгілі болды

Бұған дейін Украинада қалып қойған азаматтар Қазақстан билігінен көмек сұраған еді

 Қымбат Елтайқызы 03.03.2022 | 10:30
фото: Halyq Uni

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қазіргі жағдайдағы халықаралық жүк тасымалы мәселелері бойынша жедел кеңес өтті. Жиынға халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағы (ҚазАТО), «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және KazLogistics өкілдері, сондай-ақ Украина аумағында қалып қойған автомобильдердің басым бөлігі тиесілі отандық тасымалдаушы қатысты. Жиналыс барысында жүк тасымалдаушылары мен жүк автомобильдерінің жүргізушілеріне көмек көрсету бойынша қабылданып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған шаралар талқыланды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, оқиғалардың басталуына дейін Украина аумағында 50-ге жуық қазақстандық жүк автокөлік құралы болған. Оларды ел аумағынан шығару үшін тасымалдаушылардың тізімі жасалды. Аталған тізім ҚР Сыртқы істер министрлігіне берілді, – дейді ИИДМ.

Сондай-ақ ИИДМ Польша мен Молдованың мемлекеттік органдарына машиналар мен жүргізушілерден қосымша құжаттарды талап етпей, рұқсаттама ұсыну мәселелері бойынша жүгінді. Айта кеткен жөн, 28 ақпан күні Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қазақстандық тасымалдаушылардың Украинадан шығуы үшін «жасыл дәліз» ұйымдастыру жөнінде уәкілетті органдармен келіссөздер жүргізген болатын.

«Нәтижесінде бүгінгі таңда 3 қазақстандық жүк көлігі «Роварусская» өткізу пункті арқылы Украина-Польша шекарасын кесіп өтті. Қазір тағы 8 көлік Украина-Молдова шекарасынан «Старокозаче-Тудора» өткізу пункті арқылы өтеді. Қалған қазақстандық жүк автомобильдерін шығару бойынша жұмыс жалғасады», – делінген ақпаратта.

Кеңес барысында тасымалдаушыларға бірқатар ұсыныс жасалды. Атап айтсақ:

  • жүргізушілерді Украинаның батыс бөлігі арқылы Польша мен Молдова шекараларына бағыттау (елдің аталған аумағында жағдай тұрақты және өткізу пунктері ашық);
  • көліктер Киев пен Киев облысына жақын жерде болған жағдайда оларды жағдай тұрақталғанға дейін қоймалар, көпірлер мен басқа да құрылыстардан қауіпсіз қашықтыққа жылжытып, орналастыру.

Сонымен қатар тасымалдаушылар назарына Беларусь шекарасы арқылы «жасыл дәліз» ашу мәселесінің пысықталып жатқаны туралы ақпарат жеткізілді.

Бұған дейін Украинада қалып қойған азаматтар Қазақстан билігінен көмек сұраған болатын.

Атап өтсек, қазір Ресей және Украина арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Жуырда Путин Донбасстағы арнайы әскери операция туралы мәлімдеді. Қазақстан мен Украина арасындағы әуе рейстері тоқтады. Бұған қоса еліміздің турфирмаларына жолдама сатуға тыйым салынады. Қазақстан Украинадағы азаматтарын эвакуациялауға кірісті. Украинада зардап шеккен еліміздің азаматтарының бар-жоғы анықталды. Елшілік Украинадағы қазақстандықтарға үндеу жасады. Валюта бағамы әрі банктерге қатер күшейе түсті, деді Президент. Елімізде тауарды негізсіз қымбаттатқандар жазаланады. Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізді. Ұлттық банк рубль бағамының теңгеге әсері туралы мәлімдеме жасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама