Ресей мен Украинадағы ахуал: Латвия порттары Қазақстан жүктерін қабылдауға келісті
Қазір елімізде жүктерді тасымалдау барысында қиындықтар туындап жатыр
Қазақстан мен Латвия жүк тасымалы мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев және Латвияның Байланыс министрлігі мемлекеттік хатшысының орынбасары Улдис Рейманис арасында бейне-конференция режимінде кездесу өтті. Жиынға «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ, еліміздің ірі экспедиторлық компаниялары әрі Латвия тарапынан Лиепая, Рига, Вентспилс сияқты ең ірі үш порттың бас директорлары қатысты.
ИИДМ вице-министрі Ресей мен Украина төңірегіндегі ахуал жөнінде, Антверпен, Гамбург, Пириней, Роттердам әрі Мугга порттарының қазақстандық жүктерді қабылдаудан бас тартуына байланысты Ресейдің Санкт-Петербург, Новороссийск, Усть-Луга, Тамань порттары арқылы жүктерді тасымалдау барысында қиындықтар туындап жатқаны туралы айтты, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Қазақстан Ресей аумағындағы жүктерді Латвияның Рига, Вэнстпилс әрі Лиепая порттарына қарай бағдарлайды. Бұл шешімге Латвияның теңіз порттары келісім берді. Латвия тарапы өз порттарының қуаты мен өткізу қабілетіне қарай қазақстандық жүктерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін қазақстандық жүк тасымалдаушылардың Украинадан қалай шығарылып жатқаны белгілі болды. Қазақстандық жүктердің халықаралық тасымалда проблемалары қалай шешіліп жатқаны айтылды. Сондай-ақ үкіметте дағдарысқа қарсы жедел штаб құрылды. Көлік және логистика саласында да жедел штаб жұмысын бастады.
Атап өтсек, қазір Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Жуырда Путин Донбасстағы арнайы әскери операция туралы мәлімдеді. Қазақстан мен Украина арасындағы әуе рейстері тоқтады. Бұған қоса еліміздің турфирмаларына жолдама сатуға тыйым салынады. Қазақстан Украинадағы азаматтарын эвакуациялауға кірісті. Украинада зардап шеккен еліміздің азаматтарының бар-жоғы анықталды. Елшілік Украинадағы қазақстандықтарға үндеу жасады. Валюта бағамы әрі банктерге қатер күшейе түсті, деді Президент. Елімізде тауарды негізсіз қымбаттатқандар жазаланады. Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізді. Ұлттық банк рубль бағамының теңгеге әсері туралы мәлімдеме жасады.