Көлік және логистика саласында жедел штаб құрылды

Қымбат Елтайқызы

Бұған дейін үкіметте де жедел штаб құрылған болатын

фото: Halyq Uni

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде көлік әрі логистика саласында туындаған мәселелер бойынша жедел штаб құрылды.

Еуропалық Одақ елдері мен Ресей арасында жағдайдың шиеленісуіне әрі халықаралық көлік тасымалы саласында туындап жатқан проблемаларға байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде жедел штаб құрылды. Оны министр Қайырбек Өскенбаев басқарады, – дейді ИИДМ.

Жедел штаб кәсіпкерлік субъектілеріне әрі автомобиль, теміржол, теңіз және әуе көлігімен атқарылатын халықаралық жүк тасымалдарына қатысушыларға көмек көрсету әрі ақпараттық қолдау үшін құрылды.

«Осыған байланысты ИИДМ Ахуалдық орталығы базасында жедел желі ашылды. Барлық сұрақ бойынша Call-орталыққа: +7 708 088 0800; +7 (7172) 98-35-35 нөмерлеріне хабарласуға болады», – делінген мәліметте.

Бұған дейін қазақстандық жүк тасымалдаушылардың Украинадан қалай шығарылып жатқаны белгілі болды. Қазақстандық жүктердің халықаралық тасымалда проблемалары қалай шешіліп жатқаны айтылды. Сондай-ақ үкіметте де дағдарысқа қарсы жедел штаб құрылды.

Атап өтсек, қазір Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Жуырда Путин Донбасстағы арнайы әскери операция туралы мәлімдеді. Қазақстан мен Украина арасындағы әуе рейстері тоқтады. Бұған қоса еліміздің турфирмаларына жолдама сатуға тыйым салынады. Қазақстан Украинадағы азаматтарын эвакуациялауға кірісті. Украинада зардап шеккен еліміздің азаматтарының бар-жоғы анықталды. Елшілік Украинадағы қазақстандықтарға үндеу жасады. Валюта бағамы әрі банктерге қатер күшейе түсті, деді Президент. Елімізде тауарды негізсіз қымбаттатқандар жазаланады. Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізді. Ұлттық банк рубль бағамының теңгеге әсері туралы мәлімдеме жасады.