Бишімбаев пен Байжанов Салтанаттың мәйітінен құтылмақ болған – мемлекеттік айыптаушы

Айгерім Таубай

Сотта тараптардың жарыссөзі өтіп жатыр 

Фото: Halyq Uni

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты іс бойынша тараптардың жарыссөз басталды. Бірінші болып мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова сөйлеп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бишімбаев пен Байжанов айғақтарды жасырып, Салтанаттың мәйітінен құтылмақ болған. Олар сол үшін Салтанат алдымен фитнеске, содан кейін үйге барғандай көрсеткен. Ал ол уақытта Салтанат қайтыс болып кеткен. Салтанаттың телефонындағы қозғалысқа қарасақ, оның сол уақытта тірі екенін және Бишімбаевтың оған қатысы жоқ екенін көрсетеді. Неге Бишімбаев сағат 3-тен кейін нашатырь әкелуді сұраған? Сараптамаға сәйкес, Нүкенова ол уақытта қайтыс болған. Ал қайтыс болған адамды нашатырь оята алмайды. Оны басқа мақсатта пайдаланған. VIP-залда Нүкенованың саусақ іздері жоқ. Неге? Бишімбаевтың өзі бірге отырып ішімдік ішкендерін айтты. Нашатырь көмегімен Салтанаттың іздері мен денесіндегі қанды сүртіп тастаған, - дейді мемлекеттік айыптаушы.

Прокурордың айтуынша, қайғылы оқиға болған орыннан қызғылт түсті жейде мен нашатырь (мүсәтір) табылмаған.

«Қызғылт жейде мен нашатырь жоқ, тергеушілер оны таппады. Бишімбаев Байжановтан көліктен пакет ала келуін сұрағанын еске алайық. Байжанов жедел жәрдемге кешкі сағат 19:54-те хабарласқан. Яғни, Салтанат қайтыс болғаннан кейін 5-6 сағат өткеннен кейін хабарласқан. Олар қылмыс іздерін қалай жасыруға болатынын ойластырған», - деді Аймағанова.

Айтуынша, Байжанов Салтанаттың қайтыс болғанын түсініп, жедел жәрдемге хабарласқан.

Жедел жәрдем дәрігері оқиға орнына келген кезде Салтанаттың бетін жауып қойған күйінде көргенін айтты. Яғни, қайтыс болған адамның бетіп жапқан секілді жасаған, – деді Аймағанова.

САЛТАНАТ НҮКЕНОВАНЫҢ ҚАЗАСЫ

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды. 

Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Экс-министрдің соттағы жауабын мына жерден оқуға болады.

Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.

8 сәуірде Астана қаласы көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов сот залына келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.

9 сәуірдегі сот отырысына қылмыстық іс бойынша куәгер Данияр Мейірбеков қатысты. Сол күні Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Сарапшы манекеннің басына қызыл және көк түсті қаламмен бірнеше жарақаттың орнын салып көрсетті.

10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер Аида Ахмедина қатысты. Прокурор Айжан Аймағанова сот барысында Ахмедина мен марқұм Салтанат Нүкенованың бір-біріне жазған хаттарын оқыды. Содан кейін іс бойынша куәгерлерден жауап алу аяқталды.

11 сәуірдегі сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлжанованы ауыстыруды сұрады. Алайда судья істі қарауды жалғастырды. Сол күні 11 сәуірде айыпталушы Бақытжан Байжановтан жауап алынды. Ол сот барысында өзінің туысы Қуандық Бишімбаев тарапынан қысым көріп жатқанын жеткізді.

22 сәуірдегі сот отырысында судья Айжан Құлбаева сотталушы Қуандық Бишімбаевтың телефонына қайғылы оқиға болған күні түсірілген видеоларды көріп шықты

23 сәуірде өткен сот отырысына қайғылы жағдай болған күні Бишімбаевпен кездескен Гүлнар Насырбекова келді. Әйел Бишімбаевпен жұмыс бойынша кездескенін айтты.