×

«Бетіне дейін жауып қойған»: Нүкенованың өлімін тіркеген дәрігер сотта жауап беріп жатыр

Астана сотында экс-министрге қатысты сот жалғасып жатыр

 Айгерім Таубай 08.04.2024 | 17:00
Фото: Halyq Uni

Астана сотында Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр. 8 сәуірде Астана қаласы көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов сот залына келіп, тараптардың сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Куәгердің айтуынша, жедел жәрдемге хабарлама 19:55-те түскен. Мамандар оқиға орнына 8 минутта жеткен.

Мейрамханаға келген кезде бізді ер адам сыртта күтіп алып, 2-этажға ертіп әкелді. Ол ер адам – сотталушы Байжанов. Біз сөйлескен жоқпыз, VIP залды көрсетті. Кірсек, жалаңаш әйел диван үстінде жатыр екен, үстін көрпемен жауып қойған. Бірден қарауға кірістік. Еденге жатқызып, реанимация әрекетін жасай бастадық. Екі ер адам сөйлесіп тұрды, шығуын сұрадым. Ол екеуі – Бишімбаев пен Байжанов, - дейді куәгер.

Маман әйелдің бетін де көрпемен жауып қойғанын айтты. Оның сөзінше, көмекшісіне аппаратты қосуды сұраған. Сол уақытта Нүкенованың ес-түссіз тыныс алмай жатқанын анықтаған. 

Не себеп болғанын, яғни анамнезді сұрадым, бірақ маған айтпады. Байжанов 8 қарашада сол жерде ішімдік ішілгенін айтты. Бишімбаев шығып кетті, дәлізде айғайлап жүрді. Ішке кіріп, «тірі ма?» деп сұрады. Шығуын сұрадым. Содан кейін Байжановқа жедел жәрдем келгенше қайтыс болғанын түсіндірдім, - деді көшпелі бригада дәрігері.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама