×

«Қарғайтынын айтты»: Байжанов Бишімбаевтың жалған куәлік беруге итермелегенін жеткізді

Сотталушы тараптардың сұрағына жауап беріп жатыр

 Айгерім Таубай 11.04.2024 | 17:20
Фото: Halyq Uni

Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

11 сәуірде айыпталушы Бақытжан Байжанов сотта тараптардың сұрағына жауап берді. Ол сот барысында өзінің туысы Қуандық Бишімбаев тарапынан қысым көріп жатқанын жеткізді.

Бишімбаев маған «жедел жәрдемге бірге хабарластық деп айт» деді. «Айтпасаң сенің басыңа, баларыңның басына келсін деп қарғаймын» деді, - деп жеткізді Байжанов сотта.

Ол мұның сот залында емес, сот ғимаратына жеткізілген кезде айтқанын нақтылады.

«Осыдан басқа Бишімбаев сізге басқа не айтты?», деп сұрады судья Құлбаева.

Тергеу изоляторында анда-санда кездесіп жүрдік. Сол кезде «мен нашатырь беріп жатқанда қарап тұрдым деп айт» деді. Ал мен ол кезде сыртта қалған едім, - дейді Байжанов.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды. 

11 сәуірде Байжанов қайғылы оқиға болған күн туралы айтты.

Байжановтың айтуынша, 9 қарашада орталықтың күзетшісі хабарласып, Бишімбаев пен Нүкенованың мас күйінде көлік рөліне отырмақ болғанын хабарлаған.

«Оған бірден көліктің кілтін алып қой деп айттым, себебі мас күйде рөлге отырудың қауіпті екенін ойладым. Сағат сегізден кейін мейрамхананың әкімшісі хабарласып, Бишімбаевтың түнімен шу шығарғанын айтты. Таңертең ерте үй отырып, Қуандық пен Салтанаттың арасында жанжал шыққанын естідім. Оған таңқалған жоқпын. Екеуі бірге тұра бастағаннан екеуінің арасындағы жанжалға үйреніп қалғанмын. Себебі екеуінің ұрысына бірнеше рет куә болдым, бірнеше рет Салтанаттың денесі көгеріп жүргенін байқағанмын. Үйлеріне сынған жиһазды жөндеуге бірнеше рет ұсталарды жібергенмін», - дейді Байжанов.

Мейрамханаға келген кезде Бишімбаев Байжановтан көрпе әкелуін сұраған. Айтуынша, ол екі көрпені ішке кірместен Бишімбаевқа берген, есіктің жанында күткен. Содан кейін Бишімбаев үйіне қайтатынын айтып, Салтанатты көтеруге көмектесуін сұраған.

«(…) Бір уақытта Бишімбаев «мейрамхана не үшін әлі жұмыс істеп тұр?» деп айғайлады. Бұл мені таңқалдырды. Себебі ол бұған дейін мейрамхананы жабу туралы айтпаған еді. Оған әдеттегі график бойынша жұмыс істеп жатқанын айттым, ол жабуды, қызметкерлері таратуды талап етті. Бұл тапсырманы мейрамхананың әкімшісі Қарлығашқа айттым. Осы ретте Бишімбаев мейрамхананы не себепті жабу қажет екенін нақтыламады. Мен де сұрамадым», - дейді Байжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама