×

«Бәріне дайын болуым керек»: сотта Нүкенованың құрбысына жазған хаттары оқылды

Астана сотында экс-министрдің ісі бойынша сот жалғасып жатыр

 Айгерім Таубай 10.04.2024 | 11:01
Фото: Астана соты баспасөз қызметі

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер Аида Ахмедина қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Прокурор Айжан Аймағанова сот барысында Ахмедина мен марқұм Салтанат Нүкенованың бір-біріне жазған хаттарын оқыды.

Нүкенова: Маған адвокат қажет. Ол менің заттарымды бермейді. Маған біреуді, әкемді, көкемді ертіп баруым керек. Бәріне дайын болуым керек. Мен саған сенемін. Маған енді ештеңе керек емес, тек заттарымды алып кеткім келеді

Ахмедина: Саған қалай көмектесе аламын?

Нүкенова: Ол жібергісі келмейді

Нүкенова: Ол мені оңай жібере салмайды, менің көзім көгерген фотоларым бар. Айтбекте де ол фотолар бар

Ахмедина: Бұл қашан болған жағдай?

Нүкенова: Айтбек келеді деп ойламадым, ол келген соң екеуі төбелесе бастады. Айтбек полиция шақырды

Ахмедина: Айтбекті ұрып-соққан жоқ па?

Нүкенова: Жібермеймін деп айтты, менің отбасымда көзім көгерген фотолар бар екенін алға тартып, ол фотоны еш жерде жарияламау үшін ақша талап етеді деп ойлап, жалаңаш күйімде видеоға түсуімді сұрады. Ешкім оны бопсаламайтынына кепілдік қажет деді. «Сен құбыжықсың» деп айттым, бірақ видеоға түспесем, мені жібермейтін еді

Ахмедина: Видеоға түстің бе?

Нүкенова: Иә, кету үшін түстім, басқа амалым қалмады. Одан басқа ешкіммен сөйлеспеймін, әрбір қадамымды, әрбір хабарлама, қоңырауды бақылап отырады. Телефонды ұстамайтын болдым, көріп қоя ма деп қорқамын, өшіруді ұмытып кетуім де мүмкін. Жоқ жерден шу шығарып, айғайлап, тіл тигізуі мүмкін. Мен үнемі үндемеймін, ақталамын. (…) Бұл махаббат емес. Қазір бәрін саралап отырмын. Сол үшін Павлодарға қашып кеттім. Әрі қарай не болатынын білмеймін. Оған да жаным ашиды. Сол жаным ашығаннан осы уақытқа дейін шыдадым. Павлодарға кел

Ахмедина: Сұмдық…

Нүкенова: Оның айтқанын 24/7 орындауым қажет. Айтқанын орындамасам, шу шығады. Екі күннің бірінде таңға дейін шу шығады. Алматыда кеткім келген кезде шашымды жұлды, мұндай жағдай бірнеше рет болды. Шашым түсетін болған соң қойды. Кетіп қалатын болғандықтан, қол көтеруін қойды. Психологпен жұмыс істегеннің көмегі тиіп жатқан сияқты. Сол жағдайдан кейін біреумен әңгімелесуден қорқамын. Аида, тек анама, басқа қыздарға айтпа.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды.

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);

110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);

434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама