×

Бишімбаев ісі: куәгерлерден жауап алу аяқталды

Астана сотында қылмыстық іс материалдарын зерттеу басталды

 Айгерім Таубай 10.04.2024 | 17:35
Фото: Астана соты баспасөз қызметі

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 10 сәуірде қылмыстық іс бойынша куәгерлерден жауап алу аяқталды. Осылайша қылмыстық іс материалдарын зерттеу басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды.

БИШІМБАЕВҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛҒАН?

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың айтуынша, Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2022 жылдың тамызында танысқан. Ал тойы сол жылдың желтоқсанында өткен. Алайда Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмаған. Қарым-қатынас барысында Бишімбаев Нүкеноваға туыстары, құрбыларымен кездесуге, жұмыс істеуге рұқсат бермеген және үнемі қызғанған. Соған байланысты үнемі физикалық күш қолданған. 

2023 жылдың наурызында (нақты уақыты анықталмаған) қызғаныштан Нүкенованы ұрып-соққан. 2023 жылдың 25 наурызында Нүкенова дене жарақатының фотосын түсіріп, ағасына жолдаған. Алайда ешқандай әрекет қабылдамауын сұраған. Содан кейін ағасы Нүкеновадан ажырасуды сұраған. Алайда ол жағдай реттеліп кетеді деп, ажырасудан бас тартқан.

Бишімбаев ұрып-соққаны көрсетілген фото Нүкенованың туыстарында бар екенін біліп, оны жалаңаш түрде фотоға түсіруге итермелеген. Нүкенова оған келісім беріп, жалаңаш түрде фотоға түсіруге мәжбүр болған.

Нүкенова Бишімбаевтан бірнеше рет кетуге тырысқан, алайда Бишімбаев кешірім сұрап татуласқан. 

Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2023 жылы 9 қаңтарда Астанада өткен концертке барған. Алайда концерт аяқталмастан, ол жерден шығып, Bau мейрамханасына барады. Екеуі шарапқа тапсырыс беріп, 4 бөтелке шарап ішкен. Осы кезде Нүкенова қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Олар бастапқыда мейрамханадан шыққысы келген, алайда Бишімбаев рұқсат бермеген. Мейрамхананың VIP залында екеуінің арасына туған жанжал жалғасқан. Бишімбаев жанжал барысында өзінің ақшасына сатып алынған заттар туралы айтқан. Содан кейін Нүкенова ішкиім және әшекейден басқасын шешіп тастаған. Оның бұл әрекеті Бишімбаевтың ашуына тиген. Тергеу мәліметіне сәйкес, содан кейін Бишімбаев әйелді жұдырықпен ұрған. Таңғы алты кезінде мас күйінде Бишімбаев Салтанатпен бірге ғимараттан шықпақ болған, алайда оларды күзетші байқаған соң, екеуі мейрамханаға оралған.

Бишімбаев өзінің қылмыстық әрекетінің ауыр әрі қатыгездік екенін түсініп,  Нүкенованың басынан жұдырықпен бірнеше рет ұрған. Салдарынан әйел еденге құлаған. Содан кейін Бишімбаев Нүкенованы ұрып-соғуды жалғастырған. Артынша Нүкенованы еденнен көтеріп, басынан жұдырықпен ұрған, вип-залға шашынан сүйреп апарған, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Нүкенова дәретхананың есігін ішінен іліп, жасырынбақ болған. Алайда Бишімбаев есікті металл затпен ашпақ болады. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол әйелді шығарып, тағы да басы мен денесін ұрып-соққан. Сондай-ақ оны буындырғаны айтылды, салдарынан Нүкенова есінен танып қалған. Содан кейін де әйелді соққыға жыға бастаған, оның есін жоғалтқанына көзі жеткен кезде әрекетін тоқтатқан. Нүкенова алған жарақатынан сол кезде қайтыс болған.

Бишімбаев келесі күні өзінің туысы Бақытжан Байжановты шақырып, мейрамхана қызметкерлерін таратуды тапсырған. Марқұмның телефонын беріп, бірнеше мекенжайға барып қайтуды тапсырған.

БАЙЖАНОВ ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТКЕН?

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың айтуынша, Бишімбаев аса қатыгездікпен қылмыстық әрекет жасағаннан кейін туысы Байжановқа хабарласқан. Байжанов «Гастроорталықта» директор болып жұмыс істеген. Тергеу мәліметіне сәйкес, Бишімбаев ештеңе түсіндірмесен Байжановты жұмыс орнына шақырған.

Содан кейін Байжанов жұмыс орнына келіп, Bau мейрамханасына көтерілген. Бишімбаев пен Нүкенова болған №1 VIP залға кірген. Алайда Бишімбаев бастапқыда ешкімді кіргізбей, көрпе әкелуді сұраған. Байжанов көрпені әкелген кезде Нүкенованың ес-түссіз жатқанын көрген. Ол Нүкенованың жарақат алып және тыныс алуы қиындап жатқанын көрді. Сондай-ақ Байжанов сол жердің шашылып жатқанын, есіктің бұзылғанын, ыдыстың сынғанын, адам қанын, жұлынған шашты көріп, Бишімбаевтың Нүкенованы тағы да ұрғанын түсінген, - дейді мемлекеттік айыптаушы.

Тергеу мәліметіне сәйкес, түскі сағат 1-ден кешкі сағат 7-ге дейін Байжанов бірнеше рет Нүкенова жатқан залға кірген. Оның еш қимыл-қозғалыссыз жатқанын көріп, Бишімбаев ұрып-соққаннан кейін қайтыс болғанын түсінген.

Соны көре тұра құқық қорғау органдарына хабарламаған. Сағат 13:17-де Бишімбаев қызметкерлерді қайтарып, 2023 жылдың 8 қарашасынан бері мейрамханада түсірілген видеоның бәрін өшіруді тапсырған. Байжанов Бишімбаевтың әйеліне қатысты аса ауыр қылмыс жасағанын біле тұра, алғашқы медициналық көмек көрсетпей, қылмысты жасыру туралы ойлаған, - деді прокурор.

Артынша Байжановтың тапсырмасы бойынша орталықтағы барлық видео өшірілген. Артынша Салтанат Нүкенованың телефонын алып, «Қазақстан» орталық концерт залына және фитнес орталыққа барған. Көмекшісіне телефонды көрсетілген мекенжайға апаруды тапсырған.

9 қарашада Бишімбаев жасаған аса ауыр қылмысты жасырудың мәні жоқ екенін түсінген Байжанов жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем Салтанат Нүкенованың өлімін тіркеді, - деді мемлекеттік айыптаушы.

Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен 27 наурызда басталды. 

Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Экс-министрдің соттағы жауабын мына жерден оқуға болады.

Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.

8 сәуірде Астана қаласы көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов сот залына келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.

9 сәуірдегі сот отырысына қылмыстық іс бойынша куәгер Данияр Мейірбеков қатысты. Сол күні Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Сарапшы манекеннің басына қызыл және көк түсті қаламмен бірнеше жарақаттың орнын салып көрсетті.

10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер Аида Ахмедина қатысты. Прокурор Айжан Аймағанова сот барысында Ахмедина мен марқұм Салтанат Нүкенованың бір-біріне жазған хаттарын оқыды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама