×

«Видеоны өшіріп, телефонын бірнеше мекенжайға апарған»: Бишімбаевтың туысының қалай әрекет еткені айтылды

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр

 Айгерім Таубай 27.03.2024 | 18:21
Фото: Астана соты баспасөз қызметі

Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін сотқа тартылған Бақытжан Байжанов сотта өзінің қылмыс жасаған-жасамағанын білмейтінін жеткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың айтуынша, Бишімбаев аса қатыгездікпен қылмыстық әрекет жасағаннан кейін туысы Байжановқа хабарласқан. Байжанов «Гастроорталықта» директор болып жұмыс істеген. Тергеу мәліметіне сәйкес, Бишімбаев ештеңе түсіндірмесен Байжановты жұмыс орнына шақырған.

Содан кейін Байжанов жұмыс орнына келіп, Bau мейрамханасына көтерілген. Бишімбаев пен Нүкенова болған №1 VIP залға кірген. Алайда Бишімбаев бастапқыда ешкімді кіргізбей, көрпе әкелуді сұраған. Байжанов көрпені әкелген кезде Нүкенованың ес-түссіз жатқанын көрген. Ол Нүкенованың жарақат алып және тыныс алуы қиындап жатқанын көрді. Сондай-ақ Байжанов сол жердің шашылып жатқанын, есіктің бұзылғанын, ыдыстың сынғанын, адам қанын, жұлынған шашты көріп, Бишімбаевтың Нүкенованы тағы да ұрғанын түсінген, - дейді мемлекеттік айыптаушы.

Тергеу мәліметіне сәйкес, түскі сағат 1-ден кешкі сағат 7-ге дейін Байжанов бірнеше рет Нүкенова жатқан залға кірген. Оның еш қимыл-қозғалыссыз жатқанын көріп, Бишімбаев ұрып-соққаннан кейін қайтыс болғанын түсінген.

Соны көре тұра құқық қорғау органдарына хабарламаған. Сағат 13:17-де Бишімбаев қызметкерлерді қайтарып, 2023 жылдың 8 қарашасынан бері мейрамханада түсірілген видеоның бәрін өшіруді тапсырған. Байжанов Бишімбаевтың әйеліне қатысты аса ауыр қылмыс жасағанын біле тұра, алғашқы медициналық көмек көрсетпей, қылмысты жасыру туралы ойлаған, - деді прокурор.

Артынша Байжановтың тапсырмасы бойынша орталықтағы барлық видео өшірілген. Артынша Салтанат Нүкенованың телефонын алып, «Қазақстан» орталық концерт залына және фитнес орталыққа барған. Көмекшісіне телефонды көрсетілген мекенжайға апаруды тапсырған.

9 қарашада Бишімбаев жасаған аса ауыр қылмысты жасырудың мәні жоқ екенін түсінген Байжанов жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем Салтанат Нүкенованың өлімін тіркеді, - деді мемлекеттік айыптаушы.

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);

110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);

434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама