Азаматтар мен жүк тасымалдаушылар біртіндеп Украинадан шығарылып жатыр
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың Украинадан шығу жағдайы туралы ақпарат берді.
Сыртқы істер министрлігі мен шет елдердегі мекемелері Қазақстан азаматтарын Украинадан эвакуациялау жұмысы басталғаннан бері 431 азаматқа, оның ішінде Польшаға – 404 адамға, Молдоваға – 21 адамға, Мажарстанға – 5 адамға, Словакияға – 1 адамға шығуға жәрдем көрсетті. Қазақстандық дипломаттар жоғарыда аталған мемлекеттердің шекарасынан өтуді, азаматтарды жинауды және Қазақстанға одан әрі жетуді қамтамасыз етеді, – дейді СІМ.
Air Astana әуекомпаниясының екі эвакуациялық ұшағы 299 адамды шығарып үлгерді. Олар Катовице қаласынан (Польша) Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына жетті. Сонымен қатар биылғы 3 наурызда үшінші эвакуациялық ұшақты жіберу пысықталып жатыр.
«Қазір Катовице қаласында 68 Қазақстан азаматы елге оралуын күтіп отыр. Бұған дейін шекарадан өткен бірқатар азамат Еуропалық одақ аумағында қалуға шешім қабылдады. Сонымен қатар азаматтарымызды украин-поляк шекарасына жеткізу үшін Киевтен 57 адамға және Львовтан 41 адамға сапар ұйымдастырылды», – делінген ақпаратта.
«Атамекен» ҰКП берген ақпаратқа сәйкес, Украинадағы әскери шиеленіс басталғаннан кейін ел аумағында 47 жүргізуші – Қазақстан азаматтары және 8 жүргізуші – шет мемлекеттер азаматтары бар жалпы 55 автокөлік қалды.
Қазір қазақстандық дипломаттардың көмегімен 55 автокөлік ішінен жүргізушілермен бірге 13 автокөлікке украин-ресейлік шекарасы арқылы Ресей аумағына, 8 автокөлікке Молдоваға және 3 автокөлікке Польшаға шығуға қолғабыс көрсетілді. Қолда бар дерек бойынша, қазақстандық тасымалдаушылардың 31 автокөлігі Украинада қалды, – дейді ведомство.
Азаматтардың және жүк тасымалдаушылардың орналасқан жеріне байланысты Қазақстанның Ресейдегі, Беларусьтегі, Польшадағы, Словакиядағы, Мажарстандағы, Румыниядағы және Молдовадағы шетелдік мекемелері олармен тұрақты байланыс орнатып, сол елдердің билігімен бұл аумақтар арқылы эвакуациялауды пысықтап, неғұрлым қауіпсіз эвакуациялық жолдарды ұсынып отыр.
Бұған дейін қазақстандық жүк тасымалдаушылардың Украинадан қалай шығарылып жатқаны белгілі болды. Қазақстандық жүктердің халықаралық тасымалда проблемалары қалай шешіліп жатқаны айтылды. Сондай-ақ үкіметте дағдарысқа қарсы жедел штаб құрылды. Көлік және логистика саласында да жедел штаб жұмысын бастады.
Атап өтсек, қазір Ресей және Украина арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Жуырда Путин Донбасстағы арнайы әскери операция туралы мәлімдеді. Қазақстан мен Украина арасындағы әуе рейстері тоқтады. Бұған қоса еліміздің турфирмаларына жолдама сатуға тыйым салынады. Қазақстан Украинадағы азаматтарын эвакуациялауға кірісті. Украинада зардап шеккен еліміздің азаматтарының бар-жоғы анықталды. Елшілік Украинадағы қазақстандықтарға үндеу жасады. Валюта бағамы әрі банктерге қатер күшейе түсті, деді Президент. Елімізде тауарды негізсіз қымбаттатқандар жазаланады. Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізді. Ұлттық банк рубль бағамының теңгеге әсері туралы мәлімдеме жасады.