×

Тәжік әскері Қырғызстанның ауылына ту тікті

Қарулы қақтығыста РЗСО мен ауыр техникаларды қолданылып жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 16.09.2022 | 15:08
Фото: ашық дереккөз

Қырғызстан мен Тәжікстанның шекарасында қарулы қақтығыстың тоқтайтын түрі жоқ. Бұған дейін тәжік әскері жағынан екі жауынгер қаза тауып, алты сарбаз жараланған болатын. Енді жараланған қырғыз әскеріне қатысты мәлімет келіп түсті.

«Sputnik Кыргызстан» агенттігінің хабарлауынша, қақтығыстан 31 бейбіт тұрғын жараланған. Кеше 18 адам жараланды деген дерек болған. Енді міне, айналдырған бір күнде тағы 13 адам Баткен ауданының ауруханасына жеткізілген. Осыдан кейін тағы 11 адамның ауруханаға түскені белгілі болды. Сөйтіп, қазір жарақат алған қырғыздардың саны 42 адамға жетті.

Тағы бір айтатын нәрсе, әлеуметтік желіде, жалпы ғаламторда тәжік әскерінің қырғыз ауылдарына жасап жатқан шабуылдары туралы мәлімет кеңінен тарап жатыр. Тәжіктер Қырғызстанның ауылдарына кірген. Шекара маңындағы ауылдың біріндегі Достық мектебіне ту тәжіктер туларын тіккен. Тәжіктер РЗСО мен ауыр техникаларды қолдануда. Қырғыз сарбаздары минометтен атқылап жатыр. Олар тәжіктерге ауылдарымызды бермейміз деп ұрысқа кірісіп кеткен.

Атыс 14 қыркүйекте басталған. Бүгін жағдай тіптен ушықты.

Сәрсенбі күні қырғыз шекара қызметі Тәжікстанмен шекарада қарулы қақтығыстың болғаны хабарланған еді. Тәжікстан тарапы өз кезегінде қырғыз шекарашыларын тәжік шекара заставаларын негізсіз атқылады деп айыптады. Осыдан кейін оқиға орнына Баткен шекара жасағының басшысы аттанды. Онда Баткен облыстық шекара қызметінің бастығы мен Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара әскерлері Соғды облыстық басқармасының бастығы телефонмен сөйлесті.

Кеше Өзбекстанның Самарқанд қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімге келгенімен екі жақтан да атыс әлі болып жатыр.

Соңғы мәліметке қарағанда, Қырғызстан уақыты бойынша сағат 16.00-де тараптар қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімге келді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама