×

Алматыда жер сілкінісін ескерту жүйесі іске қосылады

Құрылғыны 1 маусымға дейін орнату тапсырылды

 Қымбат Елтайқызы 19.05.2024 | 09:00
фото: egemen.kz

Mass Alert жер сілкінісін ескерту жүйесі 1 маусымға дейін Алматыда пилоттық режимде іске қосылады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кеңес өткізді. Ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев есеп берді. Ол сейсмикалық деңгейі 7-9 балл болатын алаңдарда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу кезінде сейсмикалық оқшаулаудың міндетті жүйесін енгізу туралы баяндады. Нормативтік-техникалық құжаттарға тиісті түзетулер дайындалды, деп мәлімдеді Үкімет.

Бозымбаев халықаралық тәжірибені, оның ішінде жапон тәжірибесін ескеріп, сейсмикалық қауіпті өңірлердегі нысандарды жобалау кезінде нормаларды қатаңдату жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ, аккредиттелген зертханаларды қолданып, құрылыс нормаларының сәйкестігін қадағалауды күшейтуді тапсырды. Төтенше жағдай туындаған сәтте азаматтарды уақтылы хабардар ету мақсатында Mass Alert жүйесі биылғы 1 маусымға дейін пилоттық режимде енгізіледі.

«Mass Alert» арқылы халықты құлақтандыру желіге қосымша жүктеме тудырмайтын және базалық стансалардың антеннасын жабу аймағындағы барлық абонентті бірден және жаппай хабардар етуге мүмкіндік беретін Cell Broadcast технологиясын пайдаланып жүргізіледі, - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Вице-премьер халықты шұғыл хабардар ету жүйесін іске қосу процесін жеделдетуді тапсырды. Аталған жүйе еліміздің жер сілкінісі қаупі бар барлық өңірінде болуы және үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар, Қанат Бозымбаев жер сілкінісі болған жағдайда халықты ақпараттандыруға, құтқару және эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыруға, жылжымалы далалық госпитальдарды өрістетуге қатысты мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмін тыңдады. 

Вице-премьер ТЖМ-ге маусымның бірінші онкүндігінде «Жер» республикалық оқу-жаттығуы барысында алгоритмді сынақтан өткізуді тапсырды. Техниканың дайындығы мен оны басқа өңірлерден жедел тасымалдануына ерекше назар аударылды.

Оқу-жаттығу шеңберінде тартылатын техникалардың жағдайына және оның қойылған міндеттерге сәйкестігін тексеру қажет. Бұнымен қоса, төтенше жағдай зардаптарын жоюға жекеменшік ұйымдардың техникасын тарту мәселесін қарастыру керек, - деді Бозымбаев.

Кеңес қорытындысы бойынша тиісті ведомстволарға еліміздегі сейсмикалық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу және жер сілкінісі туындаған жағдайда тұрғындардың іс-әрекеттерін пысықтау бойынша оқу-жаттығуларды тұрақты түрде өткізу тапсырылды.

Жапония Қазақстандағы жер сілкінісін зерттемек. Қазақстанның шығысында 4 балдық жер сілкінісі болды. Қазақстан мен Қытай шекарасында жер сілкінді. Алматыдан 257 шақырым жерде 5 балдық жер сілкінісі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама