Halyq Uni логотип
×

Халықтың алаңдаушылығы орынды - Смайылов әлемдегі және елдегі жағдайға тоқталды

Премьер-министр қоғамда көптеген сауал туындағанын айтты

 Қымбат Елтайқызы 01.03.2022 | 10:07
Халықтың алаңдаушылығы орынды - Смайылов әлемдегі және елдегі жағдайға тоқталды
коллаж: Halyq Uni

Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында әлемдегі оқиғалардың елімізге әсері мен үкімет жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, әлемде болып жатқан жағдайға байланысты халқымыздың алаңдаушылығы орынды. Қоғамда көптеген сауал бар.

Сөзсіз, бұл жағдай біздің экономикамызға да әсер етпей қоймайтыны түсінікті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірнеше күннен бері өздеріңізбен ақылдасып, тиісті шешімдерді қабылдадық. Осылайша, үкімет пен Ұлттық банк Бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға кірісті. Жоспар инфляцияны бақылауда ұстауға, валюта нарығында тұрақтылықты сақтауға, жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталып отыр. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру мен кәсіпкерлікті дамытуға арналған шаралардан тұрады. Атап айтсақ, қаржы нарығы мен теңгелік депозиттердің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасын іске асырады. Оған сәйкес, теңге депозиттер бойынша сыйлық ақы қосу көзделген, – дейді Смайылов.

Үкімет басшысының мәліметінше, бағалардың өсуіне жол бермеу үшін үкімет Ұлттық банк және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша жаңа шаралар кешенін қабылдады. Осы жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын қаржыландыру, оның ішінде, субсидиялау мен кредиттерге кепілдік беру ұлғайды. Бизнеске шамадан көп әкімшілік жүктемені жою көзделіп отыр. Мемлекеттік органдардың реттеушілік актілері қайта қаралады. Биыл «Ауыл - ел бесігі», Өңірлерді дамытудың кешенді жоспарлары және басқа да бағдарламалар аясында республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. Отандық өнеркәсіпті дамыту үшін инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы импорттық тауарларды алмастырудың маңызы ерекше. Бұл орайда мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын өсіруге міндеттеме алады. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр. Қосымша ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы кооперациялары мен отбасылық шаруашылықтарды дамытуға жағдай жасалады. Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған жобалар басым түрде қолдауға ие болады. Осы және басқа да шаралар биыл қабылданады. Оларды үкімет іске асырады.    

Атап өтсек, қазір Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Жуырда Путин Донбасстағы арнайы әскери операция туралы мәлімдеді. Бұл экономикалық ахуалға әсер еткендіктен Қазақстан үкіметі және Ұлттық банк азаматтардың теңгедегі депозиттеріне 10% өтемақы төлеу жөнінде шешім қабылдады. Одан кейін Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады. «Сбербанк Қазақстан» мәлімдеме жасады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Елімізде депозиттер бойынша мөлшерлеме артты. Валюта бағамы әрі банктерге қатер күшейе түсті, деді Президент. Елімізде тауарды негізсіз қымбаттатқандар жазаланады. Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізді. Ұлттық банк рубль бағамының теңгеге әсері туралы мәлімдеме жасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама