×

«Бұған көне алмаймыз». Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» басшылығына ескерту жасады

Жыл сайын кәсіпорында 10-12 адам қаза табады

 Дәурен Ерболат 08.07.2022 | 14:14
Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде Теміртаудағы өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарын аралады, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Ол «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 3-домна пешінің жұмысымен танысты, сондай-ақ облыс және кәсіпорын басшылығымен өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Әлихан Смайылов металлургия қауіптілігі аса жоғары өндіріс саласы екенін атап өтті. Оның айтуынша, «АрселорМиттал Теміртауда» аталған проблема өзекті, ал кәсіпорында жүргізіліп жатқан қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету шаралары жағдайды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік бермей отыр.

Жыл сайын өндірісте 10-12 адам мерт болады. Біз бұл жағдайға көне алмаймыз. Жабдықардың әбден тозығы жеткен, жаңғыртуға салынатын инвестициялар деңгейі басқа кәсіпорындармен салыстырғанда 2-3 есе төмен. Мұны түзету керек. Инвестиция көлемін кезең-кезеңмен арттырып, ең алдымен, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек, - деді Әлихан Смайылов компания басшылығына. 

Үкімет басшысы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.

«Күн тәрбіндегі экологиялық мәселелер өткір тұр. Мемлекет басшысы біздің алдымызға тиісті міндеттер қойып отыр. Сондықтан бұл мәселе бойынша бірлесіп жұмыс істеуіміз керек», - деді премьер-министр.

Әлихан Смайылов кәсіпорын басшылығын өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және экологиялық міндеттемелерді сақтау бойынша пәрменді шаралар әзірлеуге шақырды.

Айта кетейік, өткен айда «АрселорМиттал Теміртау» цехының шатыры құлап, 4 жұмысшы қаза тапқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама