Салтанат Нүкенованың қазасы: прокуратура Байжановқа тағылған бір айыптаудан бас тартты

Айгерім Таубай

29 сәуірдегі сот отырысында тараптардың жарыссөзі басталады деп жоспарланған еді

Фото: Halyq Uni

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

29 сәуірдегі сот отырысында тараптардың жарыссөзі басталады деп жоспарланған еді.

Жарыссөз басталмастан бұрын айыптау тарапы сотталушы Бақытжан Байжановқа қатысты сот тергеуін қайта бастауға қатысты өтінішхат жасады. Тараптар бұл өтінішхатқа қарсылық білдірмеді. Судья өтінішхатты қабылдады.

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған еді. Олар:

432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);

434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Мемлекеттік айыптаушы Саяхат Нұрбековтің айтуынша, айыптау тарапы сотталушы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық кодекстің 434-бабына сәйкес тағылған айыптаудан бас тартты. Бұл бапта аса ауыр қатыгездікпен жасалған қылмысты хабарламау әрекеті қарастырылған. 

Айыптау тарапы Байжановқа қатысты қылмыстық кодекстің 434-бабы, яғни қылмыс туралы хабарламау бойынша айыптаудан бас тартады, - деді прокурор Саяхат Нұрбеков.

Осылайша Байжановқа қатысты қылмыстық істі қарау Қылмыстық кодекстің 432-бабында (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) көрсетілген қылмыс жасады деген айыптау бойынша қаралады.

Қылмыстық кодекстің 434-бабында дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгiлi аса ауыр қылмыс туралы хабарламау әрекеті көрсетілген.

Жаңа айыптауға сәйкес, Байжанов 2023 жылдың 9 қарашасында сағат 10:00 шамасында Бақытжан Байжанов түнде ұрып-соғу болғанын түсініп, Бишімбаевтың нұсқауы бойынша Bau мейрамханасына барған. Содан кейін Бишімбаев пен Нүкенова болған VIP-залға барады. Бишімбаев алдымен ешкімнің кірмеуін талап етіп, көрпе әкелуін сұраған.

Киінетін бөлмеден көрпе алып, Байжанов оны №1 VIP-бөлмеге алып келген. Ол жерде ес-түссіз жатқан Нүкенованың жартылай жалаңаш күйде табиғи емес дауыс шығарып жатқанын көрген. Сондай-ақ Байжанов бөлме ішінің шашылып жатқанын, есіктің бүлінгенін, сынған ыдыс пен жұлынған шашты көріп, Бишімбаевтың Нүкенова тағы да ұрғанын түсінген.

Сағат 13:17-те Бишімбаев Байжановқа мейрамхана қызметкерлерін таратып, оны жабуды тапсырған. Байжанов көрші ғимаратта делегация өкілдері бар екенін біліп, қылмыстық жасыру мақсатында Bau мейрамханасының әкімшісіне себебін түсіндірместен мейрамхананы жабуды тапсырған.

Күні бойы Байжанов түрлі себеппен бірнеше рет қимылсыз және өзгеріссіз жатқан, тірі адамға тән белгілері болмаған Нүкенованы көрген. Сондай-ақ Байжанов таныс дәрігеріне хабарласып, оның жедел жәрдем шақыр деген ұсынысына қарамастан тиісті іс-әрекет жасамаған. Оның орнына Байжанов қылмысты жасыру мақсатында мейрамхананы жабу, мейрамхана қызметкерлерін тарату, видеожазабаларды өшіру, Нүкенованың телефонын бірнеше мекенжайға апару, мейрамханаға әйелге арналған киімді әкелу секілді әрекет жасаған. Осылайша Байжанов қылмыстық кодекстің 432-бабында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасаған», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Айта кетейік, қылмыстық кодекстің 432-бабында аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу әрекетіне 6 000 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

САЛТАНАТ НҮКЕНОВАНЫҢ ҚАЗАСЫ

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды. 

Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Экс-министрдің соттағы жауабын мына жерден оқуға болады.

Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.

8 сәуірде Астана қаласы көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов сот залына келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.

9 сәуірдегі сот отырысына қылмыстық іс бойынша куәгер Данияр Мейірбеков қатысты. Сол күні Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Сарапшы манекеннің басына қызыл және көк түсті қаламмен бірнеше жарақаттың орнын салып көрсетті.

10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер Аида Ахмедина қатысты. Прокурор Айжан Аймағанова сот барысында Ахмедина мен марқұм Салтанат Нүкенованың бір-біріне жазған хаттарын оқыды. Содан кейін іс бойынша куәгерлерден жауап алу аяқталды.

11 сәуірдегі сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлжанованы ауыстыруды сұрады. Алайда судья істі қарауды жалғастырды. Сол күні 11 сәуірде айыпталушы Бақытжан Байжановтан жауап алынды. Ол сот барысында өзінің туысы Қуандық Бишімбаев тарапынан қысым көріп жатқанын жеткізді.

22 сәуірдегі сот отырысында судья Айжан Құлбаева сотталушы Қуандық Бишімбаевтың телефонына қайғылы оқиға болған күні түсірілген видеоларды көріп шықты

23 сәуірде өткен сот отырысына қайғылы жағдай болған күні Бишімбаевпен кездескен Гүлнар Насырбекова келді. Әйел Бишімбаевпен жұмыс бойынша кездескенін айтты.