Еліміздің тағы бір университеті өрескел заң бұзған

Қымбат Елтайқызы

Оқытушылар өз мамандығына сай келмейтін пәндерден сабақ берген. Бұл – заң бұзушылықтардың бірі ғана

фото: Sputnik / Айсулу Жумагулова

Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінің жұмысында өрескел заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды білім және ғылым министрлігі.

БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті профилактикалық бақылау кезінде университеттің білім беру саласындағы заңнама талаптарын сақтамай отырғанын анықтады.

Мысалы, оқу орны бақылау парағының 46 тармағының 32 тармағы бойынша заң бұзушылық жасаған. Атап айтқанда, Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенттеріне лекцияны біліктілік талаптарына сай келмейтін оқытушылар оқиды. Мысалы, «Әуе көлігін пайдалану» мамандығы бойынша базалық білімі бар мұғалім «Мектепке дейінгі тәрбиедегі инновациялық технологиялар» және «Бастауыш мектепте тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» пәндерінен сабақ береді. Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі музыкалық өнер теориясы мен әдістемесі бойынша сабақтар жүргізеді.

Профилактикалық бақылау барысында соңғы бес жылда бірде-бір ғылыми мақаласы жоқ оқытушылардың Қазақ-орыс халықаралық университетінде магистрлік диссертацияларға ғылыми жетекшілік ететіні анықталды және бұл – заң бұзушылықтардың бір бөлігі ғана, - деді білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.

Студенттер мен оқытушылар туралы нақты деректер ҰБДҚ мәліметтеріне сәйкес келмейді. Деректер базасында 335 оқушы мен көптеген мұғалім туралы ақпарат жоқ.

«Онымен қоса, университет студенттердің оқу жүктемесі мен оларды қорытынды аттестациядан өткізу талаптарын сақтамайды. Бакалавриат және магистратура студенттері академиялық кредиттерді толық көлемде игермеген», – дейді министрлік.

Студенттердің білім нәтижесі де көңіл көншітпейді. Олардың 96%-ы шекті деңгейден өте алмады. Бұл білім беру қызметі сапасының төмендігін көрсетеді.

Университет оқу кабинетімен және зертханалық базамен жеткілікті қамтамасыз етілмеген. Кейбір кабинет санитарлық талаптарға сай келмейді, – дейді БҒМ.

Университетке барлық анықталған заң бұзушылықты жоюға уақыт берілді. Алайда Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университеті көптеген заң бұзушылықты жойып, білім сапасын арттырудың орнына тексеру нәтижесіне шағымданумен уақыт өткізіп жатыр. Бірінші сатыдағы сот шешімімен комитеттің барлық әкімшілік актісі заңды деп танылды. Ал университет шағымы қанағаттандырусыз қалды.

Сот шешімімен елімізде тағы үш университет жабылды. Елімізде ресейлік ЖОО-лардың филиалын ашуға қатысты үкімет қаулысы қабылданды. Санкцияға байланысты «Болашақпен» Ресейде оқуға тыйым салына ма? Еліміздің тағы бір жоғары оқу орны лицензиясынан айырылды. Бас лицензиясынан айырылған Атыраудағы институт ректоры сот шешімімен келіспейді. Орталық Қазақстан академиясының жұмысы тоқтатылды. Білім министрі жабылу алдында тұрған 4 жоғары оқу орны жайлы айтты.