×

Санкцияға байланысты «Болашақпен» Ресейде оқуға тыйым салына ма?

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы аясында Ресейде 39 қазақстандық стипендиат білім алып жатыр

 Айнұр Шошаева 31.03.2022 | 11:20
коллаж: Halyq Uni

Ресейдің ғылымы мен ЖОО-ларына салынған санкцияларға байланысты «Болашақ» бағдарламасы арқылы қазақстандық студенттерді оқытуға қатысты шешімді өзгерту көзделіп отырған жоқ. Бұл туралы Халықаралық бағдарламалар орталығының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс жағдайына қарамастан, қазақстандық студенттерді ресейлік ЖОО-ларда оқыту туралы шешім өзгермейді. Орталықтың мәліметінше, университетті талапкердің өзі таңдайды.

« «Болашақ» бағдарламасы аясында оқытылатын ЖОО тізімі үш жылға жасалып, жыл сайын жаңартылып отырады. Бағдарлама тізіміндегі ЖОО-ларды таңдауға Халықаралық бағдарламалар орталығы араласпайды, тиісінше, қай ЖОО-да оқуды әр талапкер өзі шешеді», - делінген орталықтың баспасөз қызметінің ресми сауалымызға берген жауабында.

Ал «Санкцияға байланысты қазақстандықтардың Ресей университеттерінде оқуына тыйым салына ма?» деген сауалымызға «Бұған байланысты «Болашақ» бағдарламасына қатысты өзгерістер көзделіп отырған жоқ», деп нақтылады.

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы аясында Ресейде 39 қазақстандық стипендиат білім алып жатыр.

«Биыл ЖОО-лар тізімі әлемнің 28 елінен 236 жоғары оқу орнына дейін артты, 2020 жылы осындай 138 жоғары оқу орны болды. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гарвард университетіне, Массачусетс технологиялық институтына, Оксфорд университетіне немесе Принстон университеті және тағы басқаларына оқуға түсу мүмкіндіктері бұрынғыдай қала береді», - делінген орталықтың ресми жауабында.

Еске сала кетейік, 21 қаңтарда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау туралы айтқан болатын.

«Мен жалпы елдің білім беру саласын қайта құрғым келеді. Біз экономистерді, заңгерлерді, менеджерлер мен тағы басқаларын тым көп шығарамыз. Бізге қазір білімді техникалық бағытқа бұру қажет. Біз «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды оқуға, соның ішінде Ресейге жібереміз. Бәлкім, бірінші кезекте Ресейдің танымал техникалық оқу орындарына жіберетін шығармыз», - деді Мемлекет басшысы.

Көп ұзамай «Болашақ» ХБО мен ресейлік университеттер басшылығы арасында келісімге қол қойылды. Келісімге қол қойылған университеттер қатарында «МИСиС»  ҒЗТУ, Мәскеу физика-техникалық институты, ИТМО Ұлттық зерттеу университеті, «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетіИ.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті (ҰИУ), Н.Е.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама