×

Бас лицензиясынан айырылған Атыраудағы институт ректоры сот шешімімен келіспейді

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында қазір 1600-ден астам студент оқып, 86 педагог жұмыс істейді

 Айнұр Асылбекқызы 05.04.2022 | 23:43
коллаж: Halyq Uni

Бүгін Білім және ғылым министрлігі Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының бас лицензиясынан айырылғанын хабарлады. Министрлік мұндай шешімді Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шығарды деген мәлімет таратты. Алайда, бұл ақпарат нақтылауды қажет етеді.

Министрліктің білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті 21 ақпан мен 2 наурыз аралығында институтта жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру 2021 жылғы 26 қарашадағы №72 нұсқаманың орындалуын бақылау үшін ашылған. Тексеру кезінде институт жұмысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталған.

Атап айтқанда, институтта білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелері, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптары, сондай-ақ біліктілік талаптары сақталмаған. Мәселен, комитет тексеру кезінде студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасалмаған деген қорытындыға келіп отыр.

Бірқатар білім беру бағдарламасы бойынша оқу, әдістемелік және ғылыми әдебиеттер жоқ. Мұны тест тапсырған студенттердің білім нәтижелері растады. Яғни институт студенттерінің 90 пайызы шекті балды жинай алмады, - деп хабарлады министрлік.

Сонымен бірге, үлгілік қағидалардың нормаларына сәйкес студенттердің жоғары оқу орны лицензиясынан айырылған сәттен бастап оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ға ауысуға құқылы екені атап өтті.

Айта кетейік, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында қазір 1600-ден астам студент оқып, 86 педагог жұмыс істейді.

Тексеру қорытындысына сәйкес, комитет 2 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырған. Соның бірі негізінде комитет 28 наурызда институтты бас лицензиясынан айыру туралы қаулы шығарып, 306 300 тенге айыппұл салған.

Ал екінші хаттама материалдарын Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолдаған. Бұл хаттама ҚР білім беру саласындағы заңнаманы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін толтырылған.

Сот бұл әкімшілік істі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-бабының 7-тармағы  (Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнаманы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзу) бойынша қарады.

31 наурызда сот институтутты әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 1 ай мерзімге рұқсат беру құжатынан айыра отырып, 107 205 теңге әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданды.

«СОТ ШЕШІМІМЕН КЕЛІСПЕЙМІЗ»

Институттың ректоры Ерсайын Ихсанов соттың да, комитеттің де қаулысымен келіспейтінін айтады. Ол екеуіне қатысты да апелляциялық шағым беретінін жеткізді.

«Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Біз облыстық сотқа апелляциялық шағым бергелі отырмыз. Себебі, біз Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен келіспейміз. Сонымен бірге, біз комитеттің бас лицензиядан айыру туралы қаулысымен де келіспейміз. Олар сол қаулы негізінде біздің үстімізден Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына шағым бергелі жатыр. Біз бүгін осында қаулыны даулау үшін Атыраудан ұшып келдік. Апелляциялық шағым береміз. Шешімдер шыққаннан кейін қосымша тағы хабарлаймыз», - деді ректор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама