×

Алматыда қару-жарақ дүкенін тонаған тағы үш адам ұсталды

Олар 5 жылдан 12 жылға дейін түрмеге тоғытылуы мүмкін

 Халық үні 23.02.2022 | 16:25

Алматыда қару-жарақ дүкендерін тонауға қатысушыларды ұстау бойынша екі арнайы іс-шара өтті. Үш күдікті қамауға алынды. Ұрланған қарудың бір бөлігі «Достық» шағын ауданындағы үйлердің бірінен, ал екіншісі – Алматы облысы, Қарасай ауданы аумағындағы Жамбыл елді мекеніндегі үйлердің бірінен табылды әрі тәркіленді.

Екі күдікті 25 жаста, біреуі 27-де. 5 қаңтарға қараған түні олар «Камерад» аңшылық дүкенін тонап кеткен. Қаскөйлер ұрланған заттарды үй жертөлесіне тығып, үстіне құм басқан. Әртүрлі маркадағы төрт тегіс ұңғылы мылтық, автомат, 720 патрон, бес аңшылық пышақ, арбалет, оптикалық көздеуіш пен оқ-дәрі тәркіленді және қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Күдіктілер кінәсін мойындап, дүкенге қалай кіргендерін айтып берді, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

Тергеушілер «үштіктің» осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 291-бабы 3-бөлігі (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ұрлау) бойынша тергелуде. Бұл баптың санкциясында 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

Кеше Алматыда жетінші баласына жүкті әйелдің қару-жарақ дүкенін тонағаны белгілі болды. ІІМ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды сату деректерін анықтады. Алматыдағы бүлік кезінде шерушілерге қару-жарақ таратқандар құрықталды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама