×

Алматыдағы бүлік: Шерушілерге қару-жарақ таратқандар ұсталды

Темір шыбық таратқандар да құрықталды

 Қымбат Елтайқызы 13.02.2022 | 09:00
коллаж: Halyq Uni

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік бойынша қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысы жайлы белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Алматы қаласы прокуратурасының ведомствоаралық тергеу-жедел тобы жаппай бүлік кезінде полиция қызметкерлеріне, арнаулы және әскери бөлімшелерге, сондай-ақ әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасау фактісі бойынша қылмыстық істі тексеріп жатыр.

Сотқа дейінгі тергеу барысында тәртіпсіздікке белсенді қатысқан Алматы қаласының 4 тұрғыны, соның ішінде бір кәмелетке толмаған азамат анықталды. Бұл адамдар 2022 жылғы бесінші қаңтарда қалада «Lexus gs300» автокөлігімен жүріп, басқа қылмыскерлермен бірге «Анна» қару-жарақ дүкенін тонаған. Ұрланған қаруларды сол көлікпен Республика алаңына жеткізіп, бүлікке қатысушыларға таратқан, – дейді Бас прокуратура.

Одан бөлек, Алматы қаласы мен Алматы облысының 5 тұрғыны анықталып, ұсталды. Олар 5 қаңтарда Алматы көшелерінде «Газель» автокөлігімен жүріп, өтіп бара жатқан тәртіпсіздікке қатысушыларға өздері алдын ала дайындаған темір шыбықтарды таратқан. Кейін жоғарыда аталған қылмыскерлер қылмыстық жауапкершіліктен құтылу мақсатында автокөліктің кейбір сыртқы бөлшегін бояған. Сот 8 ұсталған азаматқа қатысты 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Кәмелетке толмаған адам ата-анасының кепілімен босатылды. Қазір тергеу жалғасып, олардың жаппай бүлік кезінде басқа да қылмыстарды жасауға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама