×

ІІМ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды сату деректерін анықтады

Ал қайтарылған қару саны мыңнан асты

 Ербол Тұрымбет 21.02.2022 | 15:30
фото: ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 18 ақпанда Жамбыл облысы Байзақ ауданында жедел іс-шаралар барысында криминалдық полиция қызметкерлері Тараз қаласының 45 жастағы тұрғынын ұрланған Калашников автоматын сату барысында ұстаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Күдіктіні тінту барысында қаруды сатудан түскен 300 мың теңге, ал автокөлік ішінен 2 Калашников автоматы оқ-дәрісімен алынған. 

Жалпы бүгінге дейін 1 006 бірлік қару мен 20 307 оқ-дәрі қайтарылған.

Мысалы, жедел іс-шаралар кезінде Алматы қаласы Шаңырақ-2 шағын ауданында екі адам ұсталды. Олардан барлығы 5 мың қару-жарақ табылды. Оның ішінде 2880 тапанша, 2160 дана автомат патроны бар цинк жәшіктері, бронежилет, қалқан, тізеқорғағыштар түріндегі арнайы құралдар, танкіге қарсы 2 снаряд, тегіс ұңғылы қару, 7 пневматикалық винтовка, оның ішінде біреуі оптикалық көздегішімен пневматикалық тапанша алынды, – дейді министрліктің Тергеу департаментінің бастығы Әділов.

Ал түсіндіру жұмыстары нәтижесінде азаматтар 100-ден аса қаруды ерікті түрде тапсырған.

Бұған дейін қаңтар оқиғасына байланысты 52 адамның сотталғаны белгілі болды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама