×

«Арқалық-Қостанай» бағытындағы ұшақ апатты жағдайда қонды

Зардап шеккендер жоқ

 Халық үні 03.05.2024 | 21:12
фото: видеодан скриншот

Қостанай облысында санитариялық рейс бойынша ұшып шыққан ұшақ күрт төмендеп, су бетіне құлай қонды. Ұшақтың ішінде 5 адам болған, деп хабарлады Көлік министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасы.

Бүгін Арқалық-Ақсұңқар (Қостанай) рейсін орындаған №AK31224 Ан-2 санитариялық ұшағы сағат 16:10-да көкке көтеріліп, кейін күрт төмендей бастаған. Салдарынан ол тоған суға құлай қонды.

Ведомство дерегінше, ұшақтың мемлекеттік тіркеу нөмірі UP-A0124 және «Навигатор авиакомпаниясына тиесілі.

Министрлік ақпараты бойынша, ұшақта 2 экипаж мүшесі мен 3 қызметкер жолаушы болған. Барлық жолаушы мен экипаж мүшесі Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен Арқалық қалалық ауруханаға эвакуацияланды.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына Көліктегі оқыс оқиғалар жайттарды тергеу департаментінің қызметкерлері жіберілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама