×

Өзіне қысым жасалып жатқанын айтқан Байжановтың мәлімдемесі расталмады

Астана сотында Бишімбаев пен Байжановқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр

 Айгерім Таубай 24.04.2024 | 17:20
Фото: Halyq Uni

Сотталушы Бақытжан Байжановтың өзіне қысым жасалып жатқаны туралы мәлімдемесі расталмады. Бұл туралы судья Айжан Құлбаева айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Байжанов істі қарау барысында Бишімбаевтың өзіне қысым жасалып жатқанын айтты. Мән-жайын анықтау үшін сот сотталушы Байжановтың мәлімдемесін тексеру туралы қаулы шығарды. Осыған байланысты соттың тексеріс жүргізу туралы қаулысы бойынша Астана қаласының прокуратурасынан жауап келді, ол жерде сотталушы Байжановтың айтқаны расталмады», - деді судья.

Айта кетейік, 15 сәуірде өткен сот отырысында Байжанов тергеу изоляторында Бишімбаевтың тапсырмасымен белсенді Бауыржан Мусиннің келгенін айтты.

Бауыржан Мусин маған төрт рет келді. Оның кім екенін де білмеймін. Ол «Салтанат өзі кінәлі, ол мас болған» деп айтты. Бауыржанға «сараптамаға қара, сау жері қалмаған» дедім. Оны маған Бишімбаев жіберіп жатыр. Бірінші келгенінде Бишімбаевтың жібергенін (Бауыржан Мусиннің – ред.) өзі айтты, – деді Байжанов сот отырысында.

Содан кейін Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тексеріс бастады. Комитет ұсынған ақпаратқа сәйкес, Бауыржан Мусин – «Біз азаптауға қарсымыз» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

Бұл ұйым өз қызметін екі жақты меморандум аясында жүзеге асырады. Түзеу мекемелеріндегі адам құқығы сақталуына бақылауды жұмыс уақытында жүзеге асыра алады. Сондай-ақ мекеме қызметкерлерінің қатаң сүйемелдеуімен ғана жүргізеді, - деп хабарлады қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.

САЛТАНАТ НҮКЕНОВАНЫҢ ҚАЗАСЫ

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды. 

Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Экс-министрдің соттағы жауабын мына жерден оқуға болады.

Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.

8 сәуірде Астана қаласы көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов сот залына келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.

9 сәуірдегі сот отырысына қылмыстық іс бойынша куәгер Данияр Мейірбеков қатысты. Сол күні Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Сарапшы манекеннің басына қызыл және көк түсті қаламмен бірнеше жарақаттың орнын салып көрсетті.

10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер Аида Ахмедина қатысты. Прокурор Айжан Аймағанова сот барысында Ахмедина мен марқұм Салтанат Нүкенованың бір-біріне жазған хаттарын оқыды. Содан кейін іс бойынша куәгерлерден жауап алу аяқталды.

11 сәуірдегі сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлжанованы ауыстыруды сұрады. Алайда судья істі қарауды жалғастырды. Сол күні 11 сәуірде айыпталушы Бақытжан Байжановтан жауап алынды. Ол сот барысында өзінің туысы Қуандық Бишімбаев тарапынан қысым көріп жатқанын жеткізді.

22 сәуірдегі сот отырысында судья Айжан Құлбаева сотталушы Қуандық Бишімбаевтың телефонына қайғылы оқиға болған күні түсірілген видеоларды көріп шықты

23 сәуірде өткен сот отырысына қайғылы жағдай болған күні Бишімбаевпен кездескен Гүлнар Насырбекова келді. Әйел Бишімбаевпен жұмыс бойынша кездескенін айтты. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама