×

«Халық кедейленіп барады». Қаржыгер банктердің бизнесті неге қаржыландырмайтынын түсіндірді

Қаржыгер банктердің бизнеске несие бермеуінің үш себебін атады

 Ербол Тұрымбет 18.07.2022 | 14:50
Коллаж: Halyq Uni

Биыл елімізде тұтынушылық несиенің тым өсіп кеткені қызу талқыға түсті. Былтырғы көрсеткіш алдыңғы жылға қарағанда 40% өсіп, халықтың 6,3 трлн теңге несиеге батқаны белгілі болды. Банктер қарапайым жұртқа несиені үйіп-төгіп беріп жатса да экономиканың негізгі секторына келгенде сараң.

НЕСИЕ АЛУҒА БЕРІЛГЕН ӨТІНІМНІҢ ҮШТЕН БІРІ ҒАНА МАҚҰЛДАНАДЫ

Ranking ресми статистика бойынша, әлемдегі бүкіл жұмыс орнының 70%-ын шағын және орта кәсіпкерлік береді. Дамыған елдерде ШОК ЖІӨ-нің 50-60%-ына тең. Тіпті, көрші Өзбекстанның өзінде орта бизнесті есепке алмағанның өзінде шағын бизнес елдің ЖІӨ-нің 54%-ын құрап отыр. Ал бізде шамамен 35%.

Оның өзі негізгі деген бірлі-жарым өңірде шоғырланған. Мәселен, ақпан айындағы көрсеткіш бойынша, банктердің шағын бизнеске берген несиесінің жартысы бір ғана Алматы қаласына тиесілі. Ал Алматы мен елорда және Шымкент қалалары бүкіл шағын кәсіпкерге берілген несиенің 72%-ын алады.

Кәсіпкерлер тарапынан несие алуға деген сұраныс жоғары болса да, мақұлдау аз. Мысалы, 2018-2021 жылдар аралығында несие алуға берілген өтініштер 15 мыңнан 697 мыңға дейін көбейген. Алайда банктер тарапынан несиені мақұлдау көрсеткіші 66,5%-дан 31,7%-ға дейін азайған.

Наурыз айындағы мәлімет бойынша, елімізде 350 мыңдай шағын кәсіпкерлік нысаны бар. Оларға несие беруге не кедергі дегенге келсек, ҰБ-тің түсіндіруінше, ЕДБ-тер кәсіпкерлердің төлем қабілетін тексеретін скоринг жүйесін қолданады. Қиындық содан дейді. Одан бөлек, банктер жеңілдетілген несиелеуге бөлінген қаржыны толық игермей, соңында кәсіпкер несиесіз қалады. Сосын, қағазбастылық пен кепілдік талабы да кәсіпкерлердің несиеден қағылуына себеп болып отыр.

Шағын кәсіпкерлік нысандары елде артып келе жатса да, оларға несие беру көрсеткішінің қаншалық төмендегенін жоғарыда айттық. Ұлттық банк мәліметінше, өткен мамыр айында да шағын кәсіпкерлікке несие беру көлемі 1,3% азайды.

«ШОБ-ТЫҢ КЕПІЛДІК БАЗАСЫ НАШАР. АЛ БАНКТЕР ТЕК КЕПІЛМЕН ҒАНА НЕСИЕ БЕРЕДІ»

Қаржыгер Расул Рысмамбетов шағын кәсіпкерлікке несиенің аз берілуінің үш себебін атайды.

Біріншіден, бізде ШОК-тың басым көпшілігі саудамен айналысады. Ал саудада валюталық қауіптер бар. Екіншіден, жұрт кедейленіп барады, сондықтан олардың сауда айналымы құлдырауы мүмкін. Үшіншіден, ШОБ-тың өзінде кепілдік базасы нашар. Өкініштісі, біздің банктер тек кепіл қойса ғана несие береді.

Дегенмен несиелеу көлемі мүлде аз деуден аулақпын. Бізде «Даму» мемлекеттік бағдарламасы болғандықтан, банктер субсидия беретіндей етіп несие беруге дағдыланып қалды, дейді қаржыгер.

Айта кетейік, ҰБ төрағасы Ғалымжан Пірматов дәл осы несиелерді мемлекет есебінен субсидиялауды доғару керектігін және бұл ҰБ-тің ұстанымы екенін айтқан еді. Оны қайта коммерциялық арнаға бұруды, өз беттерінше жеке жобаларды тауып, қаржыландыра беруге үйретуді меңзеген. «Себебі, базалық мөлшерлемені төмендеткеннің өзінде банктер коммерциялық жобаларға ақшаның өз құнынан төмен несие бермейді» деген-ді.

Расул Рысмамбетовтің пікірінше, біздегі ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесі одан әрі азайып кетуі мүмкін. Өйткені, экономикамыз мұнай, металл сынды шикізатқа негізделген. Олар экономикамыздың жартысын құрап отыр. Ал ШОБ жер қойнауымен айналыса алмайды. Сондықтан қазіргі 30-35% деген уақытша деген ойда.  

Себебі, 2020 жылғы мұнай бағасының түсуінен ірі бизнестің үлесі азайды. ШОБ соның әсерінен ұлғайды. Ал бұрын ШОБ тіпті, 20% деңгейінде болған. ШОБ ірі клиенттермен емес, қарапайым халықпен жұмыс істейді. Ал халық тым кедейленіп барады, сатып алатын жағдайы төмендеп кетті. Сондықтан ШОБ нысандары да азаяды деген пікірде.

Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында жыл басынан бері ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтеріліп, әлеуметтік төлемдер екі рет индекстелгенін айтты. Азаматтық қызметкерлердің, жеке және квазимемлекеттік секторлардың 1,5 млн қызметкерінің жалақысын арттыру бойынша жұмыс жүргізілген. Нәтижесінде, биылғы 5 айда халықтың ақшалай табысы өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 3%-ға өскен.

«КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАУ ДА ТҮК ЕМЕС»

Мәселенің бәрі біздің экономикамыздың институционалдық ерекшелігіне барып тіреледі. Өйткені, негізгі экспорттық тауарымыз мұнай. ШОБ-ты дамытуға, оны экономиканың негізі етіп алуға онша құлықты емеспіз. Мұнайды сатып, валюта түсімін алып, соған импорт сатып аламыз. Ал мұндай жүйеге ШОБ-тың керегі жоқ.

Оның үстіне, экономикамызда ШОБ-қа төнетін қауіп көп. Банктер ондай қауіпке барғысы келмейді. Банктер негізінен тұтынушылық несиелермен отыр. Бұл олардың активтер портфелінің негізін құрайды.

Банк тұтынушыға несие бергенде кімге қалай беріп жатқанын біліп отырады. Өйткені, тұтынушының нақты жұмысы, яғни табысы болады. Ең қиын деген жағдайда тұтынушы қайтыс болуы мүмкін. Басқа жағдайда жұмыссыз отыра бермейді, әйтеуір бір күні жұмысқа шығады. Яғни, қалайда өндіріп алатын мүмкіндік бар. Ал кәсіпкерлерге ондай сенім жоқ. Өйткені, оның табысы бүгін бар, ертең жоқ. Қарапайым тұтынушыны түрлі қыспаққа алып, несиесін төлететін болса, кәсіпкерге қандай шара қолдана алады?, дейді сарапшы.

Мұндай қауіп бүкіл елде бар. Бірақ оның ойынша, кәсіпкерге түсетін қауіпті екіге бөлуіміз керек. Бірі, таза кәдімгі экономикалық қауіп. Бизнес жүрмей қалса, кәсіпорын жабылады, несие төленбей қалады. Бұл бәріне белгілі түсінікті жағдай.

Екіншісі, біздегі ШОБ-та ойына не келсе, соны істейтін институционалды қауіптер бар. Мәселен, салықшылар келіп бірдеңе ұнамай қалса, кәсіпорнын тартып алып немесе көтере алмайтын айыппұл салып тастауы мүмкін.

Айталық, кәсіпкер кез келген банкке келіп несие сұраса, ол ашығына келгенде несиенің оған керегі де жоқ екеніне банктің көзін жеткізуі керек. Яғни, кәсіпкердің табысы мен кепілдігіне қойылатын талаптарды қарасаң, ондай жағдайы бар кәсіпкерге несиенің керегі де болмауы мүмкін, дейді қаржыгер.

Банктердің бұлай тым әсіре сақтануының сырына келгенде, сарапшының пікірінше, біздің елде кәсіпкердің не құқығы жоқ, не бір қорғаушысы жоқ. Кез келген мемлекеттік орган төбесінен төнуі бір бөлек, бағаның өсуіне де, басқасына да солар кінәлі. Тіпті, кәсіпкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғау да түк емес. Ал мораторий ештеңе шешпейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама