×

Елімізде геологиялық барлау жұмысын жүргізу жеңілдемек

Сараптама жүргізу кезінде әкімшілік рәсімдер оңтайланады

 Дәурен Ерболат 13.09.2023 | 16:10
Фото: inform.kz

Мәжіліс депутаттары «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Құжатты депутаттар заң шығару бастамасы тәртібімен әзірлеген.

Заң жобасы көмірсутектерді геологиялық барлау және өндіру саласындағы жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ базалық жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізу рәсімдерін оңтайландыруға бағытталған. Онда кен орындарын әзірлеу процесінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаржылық және әкімшілік шығындарын азайту ескерілген, - деді депутат Дүйсенбай Тұрғанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Заң жобасының негізгі ерекшеліктері:

  • Жер қойнауын пайдаланушыға мемлекет жағынан айыппұл санкцияларын салмай, сейсмикалық барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша келешегі жоқ ұңғымаларды бұрғылаудан бас тартуға құқық беру;
  • Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды, оның ішінде көмірсутектер саласындағы жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптаманы жүргізу кезінде әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру.

Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, құжат теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.

Заң мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді әрі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің реттеуші шарттарын жақсартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, практикалық геологиялық барлау жұмыстарына жедел көшу, барлық сараптаманың мерзімін 8-12 айға дейін қысқарту, рәсімдер бойынша әкімшілік шығындарын 2 есе (120 күннен 50 күнге дейін) қысқарту, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыру ескерілген, - деді ол.

Дауыс беру барысында құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама