×

«Өкінгенмен ештеңе өзгермейді». ІІМ оқушыларға ескерту жасады

Терроризм туралы жалған ақпарат бергендер 5 жылға сотталады немесе 14 млн теңге айыппұл төлейді

 Дәурен Ерболат 04.09.2023 | 11:23
Фото: mk-kz.kz

Оқушылар полицияға қоңырау шалып, жалған ақпарат берсе, олардың өкінгенінен ештеңе өзгермейді. Бұл туралы ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бірінші басқарма бастығының орынбасары Алмас Талқанбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, жалған шақырту бойынша оқиға орнына құзырлы органдар бір рет барғанның өзінде 200-300 мың қаражат жұмсалады, ал ірі сауда орталықтарының жұмысы тоқталса, әрбір сағат сайын шығын млн-даған теңгеге есептелуі мүмкін.

«Мұндай қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекеттің өзіне келтірілген материалдық залал жыл сайын 500 мың-2 млн теңге болады. Телефонға қоңырау шалып, жалған ақпарат беретіндер әрекетінің қаншалықты ауыр екенін түсінбейді. Мысалы, (ғимаратта бомба бар деп жалған ақпарат түссе – автор)  адамдар үрейленіп, даурыққанда бір-бірін итеріп, салдарынан ата-аналар баласын жоғалтып алуы мүмкін. Олардың арасында жүкті әйелдер, мүгедек адамдар болатын кездер де болады», - деді Алмас Талқанбаев ІІМ-де өткен брифингте.

Талдау барысында мұндай қоңырауларды адамдардың еріккеннен, әзіл ретінде, мас күйде отырып, жай хабарлай салатыны анықталды.

Мұндай қылмыстардың себебі де әртүрлі: кек алу, бұзақылық, мекеменің жұмысына кедергі келтіру, мектептегі сабақты болдырмау, құқық қорғау органдарының жұмыс сапасын тексеру.  Кәмелетке толмағандар мұндай қылмысқа не үшін барады? Өйткені достарына өзін батыр екенін, тәуекелге баратынын, шешім қабылдай алатынын дәлелдеу үшін немесе үй тапсырмасын орындамай, сабаққа қатыспау үшін осындай қадамға барады, - деді басшы.

Ересектер мұндай қадамға пайда табу үшін де барады. Полицияға көбінесе психикасы тұрақсыз, мас адамдар қоңырау шалады.

«Мысалы жалған хабарлама бергені үшін сотталғандардың 48-55%-ы бұл қылмысты жасаған сәтте қатты мас (2017 жылы – 24, 2018 жылы – 17, 2019 жылы – 19, 2020 жылы – 16, 2021 жылы – 14 адам) болған.

  • «Жалған террористің» әлеуметтік портретіне тоқталайын. Барлық қылмыстың 88%-ын жұмыссыздар жасаған (10 жылда – 450 адам немесе ұсталғандардың 592-сі, 76%), тек 9%-ы жұмыс істейтіндер жасаған (10 жылда – 592-нің 48-і немесе 8%), ал 1,7%-і – оқушылар (мектеп, гимназия, лицей, 10 жылда 592-нің 55-і немесе 9%).
  • «Әзілқойлардың» орташа жасы – 30-49, олар жыл сайын осы санаттағы қылмыстың 55%-ын жасаған.
  • Бірақ олардың арасында 18-29 жастағы жастар да бар. Ұсталғандардың 20-27%-ы», - деді полиция қызметкері.

Қоңырау шалып, жалған ақпарат бергендердің 85%-ға жуығы мобильді телефон арқылы хабарласқан.

Бүгінде құқық қорғау органдарының мұндай қылмыстарға қарсы күресуге барлық мүмкіндігі бар, заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да бәрібір ұсталады. Тіркелген қылмыстың 90%-дан астамы «ізі суымай», бір тәулікте ашылды. Статистикаға сүйенсек, соңғы 10 жылда осы санаттағы қылмыс едәуір азайды: 2011 жылы 123 факт тіркелсе, былтыр тек 50 дерек тіркелген, - деді Алмас Талқанбаев.

Биыл 8 айда 52 қылмыстық іс тіркелсе, оның 28-і сотқа жолданды.

Қазір 16 адамға қатысты үкім шығарылды. Оның ішінде бесеуі бас бостандығынан айырылды, 8 адамның бас бостандығы шектелді, 2 адамға медициналық мәжбүрлеу шарасы қабылданды, 1 балаға қатысты тәрбиелік бағыттағы шаралар қолданылды, - деді ол.

Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат үшін 5 мың АЕК (14,5 млн теңге) айыппұл немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылған.

Осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толғандар да қылмыстық жауапқа тартылады. Сондықтан мұны оқушылар білуге тиіс. Сот шешімінің негізінде осындай хабарламаның кесірінен келтірілген барлық шығын өтелуге тиіс. Егер мұндай әрекетті кәмелетке толмағандар жасаса, онда шығынды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама – әзіл де, ермек те емес, бұған қылмыстық жаза бар екені естеріңізде болсын, - деді басшы.

Осыған байланысты Алмас Талқанбаев оқушыларға ескерту жасады.

Жалған ақпарат айтылды ма, бұл аяқталған қылмыс болып есептеледі. Ісін істеп алып, кейін қанша өкінсе де ол қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайды. Сондықтан оқушылар мен жастар өз-өзіне есеп беруге тиіс. Бір рет жалған хабарлама беру – қоңырау шалған адамның өмірін ғана бүлдіріп қоймайды, оның отбасы үшін ұзақ жылдар бойы дақ болып қалады. Артынан қанша «бармағын тістеп» өкінгенмен, ештеңе өзгермейді, - деп түйіндеді сөзін ІІМ қызметкері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама