×

Оралда гараждан 3 адамның мәйіті табылды: тың дерек шықты

Көлігін жөндетпекші болған Орал тұрғыны гараждың ішінде тірідей өртеніп кетті

 Халық үні 26.04.2023 | 20:48
Фото: 24.kz

Көлігін жөндетпекші болған Орал тұрғыны гараждың ішінде тірідей өртеніп кетті. Оның қасынан тағы екі адамның мүрдесі табылды. Олардың бірі – үй иесінің әйелі, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Анатолий Тихонов үйіне жапсарлас салынған гараждың көз алдында өртенгенін айтады. Жалма-жан іште жүрген әйелін құтқаруға ұмтылған. Бірақ жете алмапты, үсті-басы күйіп қалған. Оқыста тұтанған қызыл жалын үйдегі 4 баланы жетім етті.

Гараждың гүрс етіп жарылғанын естігенде әйелімді шығарып алуға асықтым. Бірақ өрт сөндірушілер ішке кіргізбеді. Тіпті біреуі «Кет!» деп мені ұрып жіберді. Әйтпесе зайыбымды өзім құтқарып алатын едім. Гараждағы көлік иесінің кім екенін білмеймін, - дейді үй иесі Анатолий Тихонов.

Оның айтуынша, гараждағы көліктің газ қондырғысынан иіс шығып тұрған. Демек дәнекерлеу кезінде ұшқын тиіп, өрт шығуы мүмкін.

Өрттің себебін мамандар әлі анықтап жатыр. Тіпті бұл жердегі өтуге болмайды деген ескерту белгі де әлі алынбаған. Бірақ оттың қызуы қатты болғанын мына гараждың қазіргі көрінісінен байқауға болады. Ал автокөліктің темірден жасалған бөлшектерінің бәрі дерлік балқып кеткен.

Қаза тапқандардың бірі мұнда көлігін жөндетуге келген. Аяқ астынан айналасы отқа оранғанда сыртқа шыға алмай қалған.

 «Өрт орнынан 3 адамның мәйіті, сондай-ақ сыйымдылығы 50 литрлік 4 оттегі баллоны шығарылды. Өрт 21 сағат 32 минутта оқшауланып, 22:02-де толығымен жойылды. Өрт орнында ТЖД-ның 23 қызметкері және 7 техника жұмыс істеді», - деді БҚО ТЖД бас маманы Азамат Мұхамбетов.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды», – деді БҚО ПД баспасөз қызметкері Дариға Мәжитова.

Қазір келтірілген шығын анықталып жатыр. Егер полиция кінәліні анықтаса, ол 5 жылдан 10 жылға дейiн сотталуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама