×

«Кублей» ісі: Оралдағы зауыт пен әкімдік арасындағы сот тағы да аяқсыз қалды

10 күннен кейін екі жақ достаспаса, іс қайтадан Орал қалалық сотында қаралады

 Халық үні 23.12.2022 | 19:32
Фото: Halyq Uni

Әкімдік пен зауыттың соттасып жатқанына екі жылдан асты. Бұған дейін Орал қаласының соты қос тараптың қарсылығына қарамастан шешімді кейінге қалдырып, тараптарды ымыраға келуге жіберген еді. Тағдыры қыл үстінде тұрған зауыт өкілдері де, санитарлық аймақта үй салуға рұқсат берген  әкімдік те татуласуға қарсы. Кублей қорғаушыларының шағымы бойынша аппеляцияны қараған облыстық сот істі тағы да сағызша созып қойды. Судья Айгүл Маштақова әріптесі Жұрабаевты қолдап, жерге таласып жатқан қос тараптың соты жалғасатынын жариялады.

«Қарау қорытындысы бойынша сот актісі өзгертілді, бірінші сатыдағы сот ұйғарымының қарар бөлігіне іс жүргізуді 10 жұмыс күніне тоқтата тұру туралы түзетулер енгізілді.  Қалған бөлігінде соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалды», - делінген БҚО сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Істің осынша созбаққа салынуына қос тарап та қарсы. Сайлауға дейін шешім шығармай, одан қалды материалдарды Үкіметке жіберіп, ұстанымын күтуін заңгерлер Азаматтық кодекске қарсы деп есептейді. Әр процестегі заң бұзушылықтарды жіпке тізген қорғаушылар мұндай сорақылықты Жаңа Қазақстанның сотынан күтпедік дейді.

Бұл шағымды біз судьяның барлық дәлелдерге қарамастан сот шешімін шығарудың орнына тараптарды ымыраға келтіру үшін өндірістік істі тоқтатып тастағаны үшін түсірдік. Бұл – заңсыз. Азаматтық іс жүргізу кодексінде пікірталастан кейін сот шешім шығару керегі анық жазылған. Алайда, судья мұны есепке алмай, материалдарды Үкіметке қайта жолдап отыр. Мақсат – Үкіметтің ұстанымын білу шығар, бірақ мұндай норма да Азаматтық іс жүргізу кодексінде жоқ, – дейді адвокат Бақытжан Базарбек.

10 күннен кейін екі жақ достаспаса, іс қайтадан Орал қалалық сотында қаралады.

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Орал әкімдігі «Кублей» зауыты тұрған санитарлық аумаққа үй салуға рұқсат берген. Құрылыс компаниясы 4 көпқабатты баспананың іргесін қалап, жартысына тұрғындарды қоныстандырып қойыпты. Енді сот «Кублей» есебіне шешілсе, баспаналар сүріліп, тұрғындар далада қалады. Ал әкімдік жеңіске жетсе 700 мың адам нан тауып отырған Қазақстандағы жалғыз консерві зауыты біржолата жұмысын тоқтатады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама