×

ОСК сайлаудың алдын ала нәтижесін жариялады

Сайлауда 8,3 млн қазақстандық дауыс берді

 Дәурен Ерболат 21.11.2022 | 11:10
Фото: Halyq Uni

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ОСК төрағы Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, алдын ала сайлаудың қорытындысы төмендегідей:

  • Қарақат Әбден – 2,6% (206 206 адам дауыс берген);
  • Нұрлан Әуесбаев – 2,22% (176 116 адам);
  • Жигули Дайрабаев – 3,42% (271 641 адам);
  • Мейрам Қажыкен – 2,53% (200 907 адам);
  • Қасым-Жомарт Тоқаев – 81,31% (6 456 392 адам);
  • Салтанат Тұрсынбекова – 2,12% (168 731 адам);
  • Бәріне қарсымын – 5,8% (460 484 адам).

Нақтыланған сайлаушылар тізіміне сай, жалпы сайлаушылар саны – 11 953 465 адам. Оның 8 300 046-сы немесе 69,44%-ы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды. Дауыс беру күні Қазақстан президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенім білдірген адамы, шетелдік халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса байқаушысы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушы сайлауды бақылауды жүргізді. Сайлау учаскелерінде 1225 қазақстандық БАҚ өкілі, 23 елден келген 41 шетелдік БАҚ-тың аккредиттелген журналистері ақпарат таратты, - деді Нұрлан Әбдіров ОСК-де өткен брифингте.

Айта кетейік, бұған дейін қай өңірлерде сайлаушылардың белсенділігі төмен екені белгілі болған еді.

Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы қазақстандықтардың жартысынан көбі дауыс бергенін хабарлаған.

Еске салайық, сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы 07:00-де жұмысын бастады. Дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасты. Сайлауға 6 кандидат қатысты.

Exit poll нәтижесі бойынша қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көш бастап тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама