×

6 кандидат және 12 миллионға жуық сайлаушы: Қазақстанда президент сайлауы басталды

Қазақстандықтар жергілікті уақыт бойынша таңғы жетіден бастап кешкі сегізге дейін дауыс бере алады

 Айгерім Таубай 20.11.2022 | 07:00
Фото: Halyq Uni

Бүгін, 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

2022 жылдың 21 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды.

Конституцияның 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес елімізде кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін болды.

ПРЕЗИДЕНТ БОЛУҒА ҮМІТТІ КАНДИДАТТАР

Президенттікке кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталды. Қазақстан президенттігіне 12 адам ұсынылды. Оның ішінде Орталық сайлау комиссиясы алты адамды тіркеді. Олар:

  • Елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты халықтық коалиция ұсынды, сондай-ақ оның кандидатурасын Amanat, «Ақ жол» және Қазақстан халық партиясы қолдады.
  • Мейрам Қажыкенді «Аманат» кәсіподақтар одағы ұсынды.
  • Жигули Дайрабаевты «Ауыл» партиясы ұсынды.
  • Қарақат Әбденді «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» ұсынды.
  • Салтанат Тұрсынбекова сайлауға «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің атынан түсті.
  • Нұрлан Әуесбаев Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының атынан түседі.

САЙЛАУ НЕШЕДЕ БАСТАЛАДЫ

Қазақстандықтар 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша таңғы 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін дауыс бере алады.

Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінің жалпы саны – 10 101. Республика бойынша 86 учаске 06:00-де ашылады.

Шетелдегі қазақстандықтар үшін 53 елде 68 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Сайлаушылардың жалпы саны – 11 950 485 адам.

САЙЛАУДА КІМ ДАУЫС БЕРЕ АЛАДЫ

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Азаматтар сайлауға өз еркімен қатысады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге болмайды.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Азамат өз сайлау учаскесін мына сілтеме арқылы біле алады.

ДАУЫСТАРДЫ САНАУ

Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмесе, дауыс санау жергiлiктi уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады. Ал дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталуы қажет.

«Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейiн үзіліссiз жүргiзедi, қорытынды осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысатын адамдардың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап 12 сағаттан аспауға тиiс», - делінген Сайлау туралы заңда.

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАНДЫ ДЕП САНАЛАДЫ

Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.

Егер кандидаттардың бір де бірі көрсетілген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екі кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.

ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ – 2022

20 қарашада Катарда футболдан әлем чемпионаты басталады. 

Қазақстанның Катар мемлекетіндегі елшілігінің жанынан №280 сайлау учаскесі құрылды.

Оның мекенжайы – Doha, AlDafna, Zone 66, Saha str., build 93, P.O.Box 23513. Байланыс нөмірі – (+974) 44128015, 44110527.

Катарда жүрген Қазақстан азаматтары сол елдің 07:00-ден 20:00-ге дейінгі уақыты аралығында дауыс бере алады.

Айта кетейік, әлем кубогына қатысатын 32 команда сегіз топқа бөлінді.

32 команда алдымен сегіз топқа бөлініп, топтық кезеңде ойнайды. Әр топтан үздік шыққан екі команда 1/8 финалға жолдама алады. 1/8 финалда қарсыласын жеңген сегіз команда ширек финалға өтеді.

  • А тобы: Катар, Нидерланд, Сенегал, Эквадор;
  • B тобы: Англия, АҚШ, Иран, Уэльс;
  • C тобы: Аргентина, Мексика, Польша, Сауд Арабиясы;
  • D тобы: Франция, Дания, Тунис, Австралия;
  • E тобы: Испания, Германия, Жапония, Коста-Рика;
  • F тобы: Бельгия, Хорватия, Марокко, Канада;
  • G тобы: Бразилия, Швейцария, Сербия, Камерун;
  • H тобы: Португалия, Уругвай, Оңтүстік Корея, Гана.

Футболдан әлем чемпионаты 4 жылда бір рет өтеді. FIFA шешімімен 2026 жылы АҚШ, Канада, Мексика бірігіп ұйымдастырады. Оған 32 ел емес, 48 ел қатысады деп жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама