×

Президент сайлауы: шетелде жүрген қанша қазақстандықтың дауыс бергені хабарланды

Шетелдегі 10 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады

 Дәурен Ерболат 20.11.2022 | 19:23
Фото: Halyq Uni

Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко шетелде жүрген қанша қазақстандықтың дауыс бергенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, еліміз әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық заңнамаға және халықаралық стандарттарға сәйкес сайлау өткізуге мүдделі.

«Жалпы Қазақстандағы президент сайлауын бақылауға көптеген шетелдік бақылаушы қызығушылық танытып, белсенді қатысып жатыр. 10 халықаралық ұйым мен 35 шет мемлекеттен аккредиттелген шетелдік байқаушылардың жалпы саны – 641 адам. Сондай-ақ сайлауға 264 шетелдік журналист қатысып жатыр», - деді министрдің орынбасары ОСК-де өткен брифингте.

Роман Василенко 53 елде 68 сайлау учаскесі ашылғанын атап өтті. Онда тіркелген дауыс берушілер саны – 12 841 адам.

Бүгін кешкі сағат 19.00-дегі мәлімет бойынша шетелде 10 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады: Корея Республикасы, Жапония, Қытай, Сингапур, Малайзия, Моңғолия, Тайланд және Индонезия. Шетелде жалпы шамамен 7400 Қазақстан азаматы дауыс берді. Бұл – тізімге енгізілген сайлаушылардың 57,5%-ы. Бүгінде 57 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Тағы бір сайлау учаскесі ашылған жоқ, - деді вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін қай өңірлерде сайлаушылардың белсенділігі төмен екені белгілі болған еді.

Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы қазақстандықтардың жартысынан көбі дауыс бергенін хабарлаған.

Еске салайық, сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы 07:00-де жұмысын бастады. Дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.

Қазақстанда 11 млн 950 мың 485 адам дауыс бере алады. Сайлауға 6 кандидат қатысып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама