×

Жоғарғы сот Дәулет Тұрлыхановтың ұлының ісін қайта қарады

Жоғарғы сот жазаны күшейткен: Болат Нұрасыл 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды

 Халық үні 14.05.2024 | 13:27
фото: tengrinews.kz

2023 жылдың ақпан айында Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат заңгерлер Анна Дмитриевич пен оның жолдасы Олег Черновты соққыға жыққан болатын.

Осы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, Нұрасыл Болатқа қатысты сот үкімі шықты.

Кейін Нұрасыл Болаттың шабуылынан зардап шеккендер сот үкіміне апелляциялық шағым түсіріп, Дәулет Тұрлыхановтың ұлын бас бостандығынан айыруды сұрады.

Әскери сотта әскери қызметші Нұрасыл Болатқа қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағым қаралды. Айта кетейік, Нұрасыл Болат бұзақылық ниетпен қасақана екі адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірді деп айыпталған. 2023 жылдың қазан айында сот бұл іс бойынша үкім шығарып, депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына 1 725 000 теңге көлемінде айыппұл салған. Сондай-ақ зардап шеккендердің пайдасына 1 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірілген.

Бүгін заңгер Анна Дмитриевич әлеуметтік желідегі парақшасында Жоғарғы соттың істі қайта қарап, Болат Нұрасыл 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алғанын жазды.

Бұл оның шетелге шығуына, клубтар мен барларға баруына, ішімдік ішуіне және басқа да қылмысқа баруға болмайтынын білдіреді. Ол пробация қызметіне хабарлап, күн сайын сағат 23:00-де үйінде болуы керек, - деп жазды Димитриевич.

Еске салайық, Нұрасыл Болат әскери бөлімнен қашып кеткені үшін де жауапқа тартылған болатын.

Алматы қаласының Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қатардағы жауынгер Нұрасыл Болаттың ісін қарап, оның әскер бөлім басшысының бұйрығын орындаудан ашық бас тартқанын анықтады.

Сот 2023 жылдың 2 шілдесінде әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Нұрасыл Болат гарнизонның гауптвахтасынан шыққаннан кейін командирдің бұйрығына бағынып, әскери бөлімге баруға міндетті болғанын анықтады.

Алайда ол лейтенант А. жеткізген бөлім командирінің бұйрығын орындаудан ашық бас тартып, әскери полиция басқармасына келген көлікке отырып, белгісіз жаққа кетіп қалған.

Сот отырысында Нұрасыл Болат іс материалдарындағы деректерді растады. 

Сот қаулысымен қатардағы жауынгер Нұрасыл Болат Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 652-бабы 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама