×

Дәулет Тұрлыхановтың ұлы жауапқа тартылды

Ол бөлім басшысының бұйрығына бағынбаған

 Дәурен Ерболат 05.07.2023 | 12:56
Фото: zakon.kz

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың әскери бөлімнен қашып кеткен ұлы Нұрасыл Болатқа сот үкімі шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алматы қаласының Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қатардағы жауынгер Нұрасыл Болаттың ісін қарады. Ол әскер бөлім басшысының бұйрығын орындаудан ашық бас тартқан.

Сот биыл 2 шілдеде әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Нұрасыл Болат гарнизонның гауптвахтасынан шыққаннан кейін командирдің бұйрығына бағынып, әскери бөлімге баруға міндетті болғанын анықтады.

Алайда ол лейтенант А. жеткізген бөлім командирінің бұйрығын орындаудан ашық бас тартып, әскери полиция басқармасына келген көлікке отырып, белгісіз жаққа кетіп қалған.

Сот отырысында Нұрасыл Болат іс материалдарындағы деректерді растады.  

Сот қаулысымен қатардағы жауынгер Нұрасыл Болат Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 652-бабы 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, - деп жазылған соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енбеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама