×

Қайрат Жолдыбайұлы «ұрланған ақшаға» салынған мешітке қатысты пікір білдірді

Мектеп те, зауыт та қажет. Оларды бір-біріне қарсы қоймау керек

 Дастан Жұмабекұлы 14.08.2022 | 13:50
фото © Нұрдәулет Әбікеев

Дінтанушы Instagram-дағы парақшасында мешіт туралы тақырыпқа досымен болған сұхбаттан үзінді жариялады. Соны оқырман назарына ұсынамыз:

–  Ұрлық ақшаға мешіт салуға бола ма?
 –  Болады. Бірақ сауабы жоқ. Құдайды ешкім алдай алмайды.
 –  Сонда ондай мешітте намаз оқуға болмай ма?
 –  Болады. Өйткені ол ұрлық ақша әу баста халықтікі болған.
 –  Сіз өзіңіз сол мешітте намаз оқыр ма едіңіз?
 –  Жолым түссе, міндетті түрде оқимын.
 –  Мешітке жұрт неліктен қарсы болып жатыр?
 –  Себебі 30 жыл елді тонағандарға деген реніш мешітке көлеңке түсірді.
 – «Мешіттің орнына зауыт, мектеп салу керек еді», дейтіндер бар.
 –  Мешіт те, мектеп те, зауыт та қажет. Бір-біріне қарсы қоймау керек. Бірақ тек мешіт салсам ғана, сауап аламын деу қате. Халыққа қажет, пайдалы кез-келген дүниені жасау құлшылық һәм үлкен сауап. Кәсіпкерлер «Гарвард» секілді ғылым ордалары мен «Наса» секілді зертханаларды құрып жатса, мың мешітке бергісіз сауап іс болар еді.
 –  Шетелден бірқатар мүфтилер қатысты. Ал біздің мүфти төбе көрсеткен жоқ. Неліктен?
 –  Діннің саясиланғандығының көрінісі.
 –  Бұл протест болса, шетелдік мүфтилерді шақырмау керек еді. Ал шақырып алып, өзің бармау кем дегенде сол мүфтилерге құрметсіздік һәм ұят нәрсе емес пе?
 –  Ұят нәрсе.
 –  Мүфти ауырып қалды деген ақпарат шықты. Егер Тоқаев қатысқанда, ауырып қалдым деп қатысудан бас тартар ма еді?
 –  Жоқ. Қызуы көтеріліп, басы айналып тұрса да, шұғыл ем-дом жасап, система құйып бір-екі сағатқа келіп, қатысар еді.
 –  Болашақ не болады?
 –  Егер президент батыл һәм әділ болса, жақсы болады деген үміт бар. Бірақ жаралы қасқырлардың қайта шабуынан аса сақ болған жөн.

Елімізде соңғы ашылған мешіт экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салғызған көлемі жағынан Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болды. Ол жұма күні ресми түрде ашылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама