Баян Есенғабылова федерация жұмысында ашықтық жоқ екенін айтты
Соңғы күндері шахматшы Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесінен соң, Шахмат федерациясы төңірегіндегі дау ушыға түсті. Федерация басшылығы президенттен сұрамақ болды деген 3 млрд теңгенің жырынан бөлек, федерация құрамынан құрылым өкілін негізсіз шеттеткені белгілі болды.
Астана шахмат федерациясының тұңғыш президенті болған Баян Есенғабылова федерация басшылығының өзін өкілдік қызметтен негізсіз шеттетуіне наразы. Осы орайда Halyq Uni тілшісі Баян Есенғабыловамен сөйлесіп, мән-жайды сұрап көрді.
Шахмат саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ол федерациядағы қызметі қоғамдық жұмыс болғандықтан ақы төленбейтіндігін айтады. Тәжірибелі шахматшының сөзіне сүйенсек, бұрынғы басшылық тарапынан федерация нормасы мен жарғысына қайшы болатын бірқатар шешім қабылданған.
Өзім 2011 жылдан бастап осы федерацияда жұмыс істеп келдім. Бұл қоғамдық іс болғандықтан барлық вице-президенттер ақы алған емес. Әркімнің өз бөлімшесі бар. Мен мектептерде шахматты дамыту бойынша жұмыс атқардым. 2011 жылы Әсет Өрентайұлының ұсынысымен вице-президент болып тағайындалдым. Расында федерация басшылығы менің құқығымды бұзды, – дейді ол.
ФЕОДАЛДЫҚ ЕРЕЖЕЛЕРМЕН ҚОШ АЙТЫСА АЛМАЙ ОТЫР
Оның айтуынша, өкілдіктердің қызметін тоқтату федерация съезінің айрықша құзыретіне кіреді. Алайда 2021 жылғы 15 қаңтарда атқарушы комитет басшылық құрылым қатарынан оны шығару туралы сыртынан шешім қабылдаған.
«Съезге қатысуға құқығым бар. Бірақ мені жиын өтіп жатқан залға кіргізбей қойды. Бірінші қабатта күтіп тұрдым. Посттан мені ішке өткізбеді. Маған өте ауыр болды. Вице-президенттер қатарында бір ғана әйел адаммын. Біздің еліміз әйелдерге деген қарым-қатынаста феодалдық ережелермен әлі күнге қош айтыса алмай отыр. Менің пікірімді сұраған да жоқ. Отырыс жартылай онлайн өтті. Онлайн съезге қатысқан мүшелерге сөз бермеді. Съезді біржақты, жабық өткізді. Арасында менің неге съезге қатыстырмай отырғанын вице-президент Әлібек Ибрагимов сұраған екен. «Өзіміз білеміз» деп оның да микрофонын өшіріп тастаған. «Қандай негізде мені жұмыстан шеттетесіздер?» деп сұрағаныммен, ешкімнен мардымды жауап ала алмадым», – дейді Есенғабылова.
Ол өзін басшылық құрылым қатарынан шығарылу себебін биылғы ата-аналар шағымын қолдауымен байланыстырады. Сондай-ақ федерация шешімдерінің көбі «жабық» қабылданатынын сынға алды. Оның айтуынша, 2022 жылғы мамырда ауысқан жаңа басшылық тұсында да «жабық» жұмыс істеу тәсілі өзгермеген.
Мені жұмыстан шеттетуі түсінікті. Өйткені мен көпшіліктің сөзін қолдадым. Спортшылардың ата-атаналарына қолдау керектігі, сондай-ақ ашықтық үшін шешім қабылдауға оларды шақыру қажеттігі көптен айтылып жүр. Ал ескі құрамнан қалған Руслан Ысқақов 15-21 қаңтарда өткен осы съезде вице-президент болып тағайындалды. Себебі бір жылға таяу олар президентсіз жұмыс істеді. Менің білуімше, ол президент міндетін атқарды. Бұл да анық емес. Өйткені бұл жайлы еш жерде ашық айтылмайды. Бетін жылтыратқанымен, бұрынғы команданың жұмыс стилі өзгерген жоқ, – дейді ол.
Баян Есенғабылова 2010-2013 жылдары аралығында Астана шахмат федерациясын басқарған. Осы жылдары ол елордада шахматты дамытудың тұжырымдамасын әзірлеген. Жыл сайын Сочиде (Ресей) өтетін «Белая Ладья» халықаралық турниріне қатысу үшін мектеп оқушыларының үздік командасын анықтау мақсатында Білім және ғылым министрлігімен байланыса отырып, мектептер арасында шахматтан «Ақбозат» командалық турнирін ұйымдастыруға қатысқан.
«Мен әрқашан өз қаражатыммен қатысып келдім. Мені атқару комитетінен еш түсіндірместен шығарды. «Съезге қатысуға неліктен рұқсат бермеді?» деп федерацияға хат жазғанымнан еш нәтиже шықпады. Шешімдерді қалай, кім қабылдайтыны белгісіз. Делегаттарды көпе-көрнеу дауыс беру құқығынан айырды. Федерация теріс методикамен жұмыс істеп отыр», – дейді ол.
«БИБІСАРАНЫҢ ШАТАСУЫ МҮМКІН ЕМЕС»
Есенғабылова шахматшы Асаубаеваның даулы мәлімдемесіне қатысты да пікірін білдірді. Оның айтуынша, 3 млрд теңге қаржы сұрау үшін смета жобасы және жобаны қаржыландыру кестесі болуы қажет.
Бибісараның айтқан сөзіне сенемін. Расында, оның шатасуы мүмкін емес. Егер Асаубаева осынша ақшаны федерацияға керек емес десе, бір білгені бар шығар. Бюджет қаражатын игереу мәселесін ойланғанымыз жөн. Біздің тұсымызда мұнша көп қаржы жұмсаған емеспіз, – деді ол Halyq Uni сайтына берген сұхбатында.
ЖЕЛІДЕ ШАХМАТШЫНЫҢ СӨЗІН «ТЕРІСТЕУШІЛЕР» КӨБЕЙДІ
Қазақстан шахмат федерациясына қатысты Бибісара Асаубаеваның батыл мәлімдемесінен соң, әлеуметтік желілерде шахматшының сөзін терістеушілер қатары көбейді.
Мәселен, министр Абаев Бибісараны эмоциямен жазды деп пікір білдірген болса, белгілі адвокат Айман Омарова әлеуметтік желіде Асаубаеваның айтқанын терістеген сыңайда «Бибісара Асаубаева Ресейде қалуы керек еді. Кезінде өзі Қазақстанды тастап еді ғой. Оның шешесі Ресей төлқұжатын Путиннің тапсыруымен Ресей азаматтығын талап еткен» деп жазды.
Шахмат федерациясының вице-президенті Абылай Тастамбеков желіде бірінші вице-президент Руслан Ысқақов пен атышулы Дәрмен Сәдуақасовты кінәлап жазған постын бір күннен соң өшіріп тастады.
«Менің ойымша, олар белгілі бір меркантилдік мақсаттарды көздейді. Бұл жайында әлем чемпионы Бибісара айтып та, жазып та жүр. Бұл қыз алғаш рет үлкен «ағаларының» әділетсіздігіне тап болды» деп жазған болатын.
ЖАНСАЯ ӘБДІМӘЛІККЕ ҚАНША ТӨЛЕНЕДІ?
Ал шахматшы, бұрынғы Nur Otan партиясы атынан сайланған мәслихат депутаты Жансая Әбдімәліктің әріптесінің мәлімдемесін жоққа шығаруына қатысты қоғам тарапынан түрлі пікір айтылып, күмәнмен қарағандар көбейді.
Былтыр БАҚ бетінде ата-аналардың бірі қалалық бюджеттен бөлінген ақшаның басым бөлігі Жансаяға түсетінін әрі шахматшыларға қаржы біркелкі бөлінбейтінін айтып, шағымданған болатын.
Мәселен, Әбдімәліктің 2021 жылғы халықаралық турниріне Алматы қаласы Спорт басқармасынан 10 457 748 теңге бөлінген.
Алматы қаласы Спорт басқармасының мәліметінше, 2018 жылдан бері Жансая Әбдімәлікке 32 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл басқа алматылық шахматшылардың қаржысынан бірнеше есе көп.
Бұл орайда Баян Есенғабылова федерация жұмысы үшін ашықтық алдыңғы орында болуы қажеттігін айтады.
Мұндай жобалар анық, ашық жүзеге асуы тиіс. Смета болуы керек. Кімдер бұл шешімдерге бастамашы болғаны көрсетілуі қажет. Федерация сайтындағы құжаттар да, ондағы ұсыныстар да протоколда анық жазылмайды. Кім, қалай дауыс бергені түсініксіз. Құпия ұйым сияқты. Неге екені белгісіз, президентпен кездесуге тек әйелдер құрамасы ғана шақырылды. Президентпен кездесу бүкіл Қазақстан құрамасы олимпиадаға аттанар алдындағы жолығу болатын. Шынымен де, қазіргі федерация басшылығы қомақты ақша бөлдіру үшін біздің әйелдер құрамасының еңбегін пайдалануды жөн көрген сияқты. Олар ұлттық құраманың бас бапкерін шақырмады. Мұның бәрі мүмкін емес оқиғалар! Федерациядағы бір топ паразиттер барлық шешімді шахматшылардың келісімінсіз қабылдағысы келді, – дейді Есенғабылова.
Еске сала кетелік, Қазақстан шахмат федерациясы – қоғамдық бірлестік. 2015 жылдан бері мемлекеттік бюджеттен емес, демеушілер есебінен қаржыландырылады. Басты мақсаты – елімізде шахматты кеңінен насихаттау және дамыту.
Асаубаева 17 жасында блицтен әлем чемпионы атанды. Шахматтан ең жас әлем чемпионы елге оралды. Тоқаев шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваны қабылдады. «Чемпиондарды қайыршы етіп көрсетпек». Бибісара шахмат федерациясын сынады. Еліміздің үздік шахматшылары президентпен пікір алмасты. 3 млрд теңге сұраған жоқ – Дәурен Абаев шахматшының мәлімдемесіне жауап берді. 3 млрд теңге: Шахмат федерациясының вице-президенті Асаубаеваның мәлімдемесіне жауап берді. Бибісара Асаубаева Шахмат федерациясының басшылығын полиграфтан өтуге шақырды. «Бұл тақырыпты енді талқыламауды сұраймыз»: Шахмат федерациясы мәлімдеме жасады.