×

Бибісара Асаубаева Шахмат федерациясының басшылығын полиграфтан өтуге шақырды

Жас шахматшы Үндістанда өтетін Дүниежүзілік олимпиадаға бір ай қалған кезде федерация басшылығының спортшыларды пайдаланып, биліктен қаржы сұрағанын қисынсыз деп санайды

 Қанат Атаманов 26.06.2022 | 21:30
Фото: ашық дереккөздерден

17 жасында блицтен әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаева Шахмат федерациясының президенті Ғалым Құсайынов пен оның орынбасары Дәрмен Сәдуақасовтың шахматшыларды Президент әкімшілігіне 3 млрд теңге сұрау үшін апарғанын айтып, шағымданған болатын. Ал бүгін әлем чемпионы Facebook-тегі парақшасында федерацияны тағы да сынап, оның басшылығын полиграфтан бірге өтуге шақырды.

Құрметті достар, мен олимпиадалық жаттығу процесіне кедергі келтіретін спорттық емес шу шығарғым келмеді. Мен тек гроссмейстер екенімді, ақыл-ойы мен қатты жады бар ересек спортшы екенімді қайталап айтамын. Яғни, мен ешқашан ештеңені шатастырмаймын, өзімнен қосып айтпаймын да. Спорт министрі айтқандай, мен эмоцияға беріліп, ешқандай да қадамдар жасамаймын. Мен Қазақстан мен Өзбекстанды, олардың федерацияларын шатастырмаймын. Сондай-ақ, доллардың АҚШ-тың ұлттық валютасы екенін жақсы білемін. Сондықтан оны өзінің ұлттық валютасы бар тәуелсіз елдегі кез-келген бюджетті нақтылауда қолдануға болмайды. Оның үстіне мұны Қазақстанның жүрегі – Ақордада жасау дұрыс емес. Ал өтірік айту арқылы президенттен сұрау жоспарланған 3 миллиард теңге (немесе Құсайыновтың айтуы бойынша - 3 миллион доллар) тым үлкен сома және Федерация (соның ішінде біз, ұлттық құрама) оған лайық емес, – деп жазды Бибісара Асаубаева.

Жас шахматшы Үндістанда өтетін Дүниежүзілік олимпиадаға бір ай қалған кезде федерация басшылығының спортшыларды пайдаланып, биліктен қаржы сұрағанын қисынсыз деп санайды.  

Мен толыққанды спортшымын, жеке пайда мен бос атақ-даңқ іздемеймін.  Шахмат маған өзімнің және өзгенің уақытын бағалауды үйретті. Өмірде уақыттан асқан маңызды нәрсе жоқ. Ел президентінің алтын уақытын, ал Ұлттық бюджеттің ақшасын ұрлау дұрыс емес деп санаймын. Ол этикаға жатпайды, моральдық тұрғыдан қарасақ та қате қадам. Ешкім менің бұл ойымды өзгерте алмайды. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу алдында мен қудалаудан қорықпай, БАҚ өкілдеріне шындықты ашып айттым. Кейбір адамдар өздерінің ар-намысына тіл тиді деп санаған жағдайда, сотта өз аттарын қорғасын. Бұл Сіздердің заңды құқықтарыңыз. Мен жаттығуларымнан бос уақыт тауып, полиграфты тексеруден өтуге дайынмын. Уақыт пен орынды менімен бірге тексерістен өтетін Құсайынов пен Сәдуаұасов мырзалар тағайындасын. Барлық шығынды өзім көтеруге дайынмын. Енді олимпиадаға дайындығымды жалғастыруға рұқсат етіңіздер. Сіздердің Бибісараларыңыз, - деп сөзін қорытындылады спортшы.

Айта кетсек, біз бұған дейін еліміздің үздік шахматшылары президентпен пікір алмасқанын, бұдан кейін Бибісара Асаубаеваның желідегі парақшасында федерация басшылығының биліктен қаржы сұрап, чемпиондарды қайыршы етіп көрсетпек болғанына шағымданғанын жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама