×

3 млрд теңге: Шахмат федерациясының вице-президенті Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне жауап берді

Бибісара Асаубаева Тоқаевпен кездесудің алдында шахмат федерациясы басшылығын сынға алған еді

 Ая Өміртай 23.06.2022 | 10:47
фото: Бибісара Асаубаева, Дәрмен Сәдуақасов

Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу алдындағы Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне қатысты пікір бірдірді.

«Қазақстан шахмат федерациясы да, әйелдер құрамасының басқа мүшелері де Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесін жоққа шығаруға тырыспады. Біз жай ғана Президентпен кездесуге дайындалдық, ұстамды болдық. Оның сөзін ресми орындар жоққа шығарды, біз оны қайталап жатқымыз келмейді. Ең бастысы, біз Бибісараны, оның зор таланты мен әлеуетін жоғары бағалаймыз», - деп жазды Дәрмен Сәдуақасов.

Федерацияның вице-президенті қоғамды кешегі кездесуде 3 млрд теңге сұрамағанына сендіргісі келеді. Президентпен кездесуде шахматты дамыту тұжырымдамасы талқыланып, баяндалған.

«Осы тұжырымдама аясында әрбір ауыл мектебінде шахмат сыныптары мен секцияларын ашуға тырысамыз, осылайша ауылдағы оқушыларға шахмат үйренуге мүмкіндік туады. Шахматты факультативтік пән ретінде енгізбекпіз, бұл ұсынысты Президент те қолдады. Ерлер мен әйелдер құрамасын кешенді түрде қолдап, жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына қатысуға, гранттар мен стипендиялар алуға, үздік жаттықтырушыларды тартуға бағытталған», - деп түсіндірді Дәрмен Сәдуақасов.

Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта еліміздегі ең дарынды шахматшы балаларға 50 стипендия бөлу мәселесін пысықтап жатыр екен. Шілде айында Шахмат федерациясының қамқоршылық кеңесі құрылып, оның құрамына белгілі кәсіпкерлер енгелі отыр.

17 жасында блицтен әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаева федерация президенті Ғалым Құсайынов пен оның орынбасары Дәрмен Сәдуақасовтың шахматшыларды Президент әкімшілігіне 3 млрд теңге сұрау үшін апарғанын айтып, чемпиондарды қайыршы етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама